Ақтөбенің Ырғыз ауданындағы үш ауылда су деңгейі түспей тұр
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ырғыз ауданының Нұра, Мамыр, Белшер ауылдарындағы су деңгейі түскен жоқ. Бұл ауданғы үш ауылда 80-нен астам үйге су кірген.
Ақтөбе облысы Ырғыз ауданында әлі де қауіп сейілген жоқ. Мұнда 8 сәуір күні төтенше жағдай жарияланып, бір аптадан соң өзен бойындағы ауылдарға су кірді. Шұғыл эвакуациялау жұмысы Құйлыс ауылында да жүрді. Барлығы 1300-ге жуық адам қауіпсіз жерге көшірілгенімен, тең жартысына жуығы туған-туысының үйінде жүр.
«Белшерде 34 түтін бар. Онда 224 адам тұрады. 4 үй су астында қалды. Су басу қаупі туындаған сәтте ауылдың әйелдері мен балалары, қарттары, барлығы 135 адам алдын ала қауіпсіз жерге көшірілді. Сонымен қатар 46 адам бөгетті нығайту жұмыстарына жұмылдырылып, 100-ден астам ерікті жан көмек берді. Хромтау, Әйтеке би және Шалқар аудандарынан қосымша ТЖД қызметкерлері шақырылды. 3 трактор, 1 жүк тиегіш тартылды. Қауіпсіздік мақсатында электр энергиясы ажыратылды. Ауылға генератор көмегімен жарық беріліп, айналма жол арқылы елді мекенге қатынауға болады», - деді Ырғыз ауданының әкімі Нұрлан Қызбергенов.
Оның айтуынша, аудандағы Нұра ауылына Торғай өзенінен су келіп жатыр.