Ақтөбенің Көсембай ауылында дауылдан соң үйлердің шатыры ұшып кетті
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Көсембай ауылында қатты дауылдан соң үй мен мектеп жанындағы шағын орталық, клубтың шатыры ұшып кетті. Адам дін аман.
Қайыңды ауылдық округінің әкімі Kazinform тілшісіне төтенше жағдай туралы баяндап берді.
«Кеше сағат 21:00 шамасында он минут бойы дауыл тұрып, жаңбыр жауды. Сол 10 минут ішінде 35 үйдің шатыры ұшты. Таңертең комиссия құрылып, адамдардан шығын туралы ақпарат жинады. Ертең ерте бағалаушылар келеді деп отырмыз. Сол кезде үйдің шығыны есептеледі. Бүгінде Қайыңды, Кемер өрт сөндіру жасақтары келіп, көшені тазалады. Ұшқан ағаш, шифер қалдықтарын жинап, полигонға тасыды. Жалпы 35 деп айтқаныммен, оның 33-і тұрғын үй, біреуі клуб, біреуі мектеп жанындағы шағын орталық. Төтенше жағдайды аудан әкімі жариялап кетті. Аудан әкімі келіп, хабарын айтты», - деді Қайыңды ауылдық округінің әкімі Жазылбек Абиев.
Оның айтуынша, адам аман, тек бір қой өлген.
«Барлық үй жөндеуге келеді. Тек төбе жабындысы ұшты, қалғаны аман. Мектеп жанындағы балабақша 20 орындық. Бүгінге дейін істеп тұрды. Ауылда 380 адам тұрады. Барлығы 74 үй бар. Әлі күнге дейін ауылда жарық жоқ», - деді ауыл әкімі.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 9 тірек бағана құлаған. Қалпына келтіру үшін «Энергосистема»ЖШС-нің 4 бригадасы, яғни, 15 жұмысшысы, 5 арнайы техникасы жұмылдырылды. Қазіргі уақытта 7 тірек бағана қалпына келтірілді.
Еске салсақ, Ақтөбе облысы Қобда ауданында қатты дауыл мен нөсер жауыннан екі қабатты үйдің шатыры ұшты. Ақтөбе қаласында жауын кезінде жол опырылып, көпқабатты үйде кәріз суы кері ақты.