Ақтөбенің Құйлыс ауылына Торғай өзенінен әлі де су келіп жатыр

Фото: Фото: pixabay

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ырғыз ауданы Құйлыс ауылына Торғай өзенінен әлі де су келіп жатыр. Ертең мұнда жанар-жағармай мен 5 мың қап жіберіледі.

Құйлыс ауылының тұрғындары мен әскерилер, төтенше жағдайлар қызметкерлерінің тасқын суға қарсы күрес жұмысын жүргізіп жатқанына айдан астам уақыт өтті. Бүгін су ауылдың өзге жағынан келіп жатыр.

- Қазіргі таңда Торғай өзенінен келген су деңгейі 1 метрден асты. Барлығы 8 техника жұмылдырылды. Олар: 4 тиегіш, 3 КамАЗ және бір К700. Сондай-ақ, №20982 әскери бөлімінің 40 әскериі, өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмысы қызметінің 5 қызметкері бар. Ауыл тұрғындарын қосқанда мұндағы адамдар саны – 80. Ауа райының қолайсыздығы, яғни, екпінді желдің соғуына байланысты мектептің артқы жағында ыза су пайда болды. Қазіргі таңда сол жерді бөгеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Азық-түлік және жанар-жағармай, қаптар аудан орталығынан жеткізілуде. Ертең ауылға бір тонна жанар-жағармай және 5 мыңнан астам қап жіберіледі, - деп хабарлады Ырғыз ауданының әкімдігі.

Еске салсақ, Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында тасқынға қарсы күрес жұмысы жалғасып жатыр. Мұнда 8 сәуір күні төтенше жағдай жарияланды. Үш ауылда үйлерге су кірсе, Құйлыс және Жайсаңбайда бөгеттерді нығайту жұмысы жүргізіліп жатыр.