Ақтоғай мен Шар стансыларында паровоз ескерткіштер орнатылады

АСТАНА. 23 қараша. ҚазАқпарат - «Локомотив» АҚ Ақтоғай (ШҚО) стансысының вокзал маңы алдындағы алаңға орнату үшін Л сериясындағы 3966 нөмірлі паровозды ұсыну шешімін қабылдады.

Ол негізгі халқын теміржолшылар құрайтын теміржол стансысы торабының жаңа символы болмақ. Олар жүктер мен жолаушылардың төрт бағыт бойынша өтуін қамтамасыз етеді - Ақтоғай-Саяқ, Ақтоғай-Аягөз, Ақтоғай-Матай және Ақтоғай-Достық. Бұл туралы «Локомотив» АҚ-ның баспасөз қызметінен мәлім етті.

Л сериясындағы 4668 нөмірлі тағы бір паровоз Шар стансысында орнатылатын болады. Осылайша, «Локомотив» АҚ теміржолшы ардагерлердің, Шар қаласының тұрғындары мен теміржол көлігі кәсіпорындары жұмысшыларының өтінішін қанағаттандырмақ. Шар теміржол стансысы Семей-Аягөз желісінде орналасқан. Бұл қаланың көпғасырлық тарихы бар.

Паровоздар бұған дейін Защита эксплуатациялық локомотивті депосының иелігінде болды. 40-50 жылдары олар Локоть стансысынан Защитаға дейінгі учаскіге қызмет етті. Бұл паровоздар аталмыш өңірдің экономикасын көтеруге және дамытуға үлес қосты деп айтуға болады.