Ақтоғайда тағы бір кен байыту фабрикасы салынады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Шығыс Қазақстанның Ақтоғай кен орнында тағы бір байыту фарикасы салынбақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтоғайдағы мыс өндірісінің көлемін екі есеге дейін арттыратын жаңа жобамен  облыс әкімі Даниал Ахметов арнайы іссапар кезінде танысты. Алғашқы мыс концентратын 2017 жылы алып бастаған өндіріс ошағы қазір жыл сайын 110-130 мың тонна мыс шығаруға қауқарлы. Жыл басынан бері 95,4 мың тонна мыс өндірген ұжым жыл соңына дейін бұл межені еркін орындайтындарына сенімді.

Жалпы Ақтоғай кеніші - әлемдегі мысқа ең бай орындардың бірі. Мұндағы мыс қоры 28 жылға жетеді деген есеп бар. Осыншама кенді игеру үшін тағы бір байыту фабрикасын салу жоспарланып отыр. Бірінші кен байтыу фабрикасы жылына 25 млн тонна сульфидті кенді өңдейтін болса, 2021 жылға қарай екі фабрика бірігіп, 50 млн тонна кенді өңдейтін болады. Осының арқасында 2027 жылға қарай жылына 170 мың тонна мыс алу көзделіп отыр.

«Ақтоғай мыс бассейнінде маңызды өндірістік кезең басталды. Бұл - бүкіл Қазақстан үшін маңызды оқиға. Жобаның құны 1,2 млрд долларды құрайды. Ал біз өз тарапымыздан Ақтоғай стансасына апаратын жолды жөндеу жұмысын қолға аламыз. 2019 жылдың бірінші жартысында кеншілер жол азабын ұмытатын болады» - деді Даниал Ахметов.

Оның айтуынша, салынып жатқан фабрикада облыс жастары жұмыс істеуі тиіс. Ол үшін облыс әкімдігі Ақтоғай кен байыту фабрикасы үшін мамандар даярлау ісін жолға қоймақшы.