Ақтөс, Мурка, Шарик: елде үй жануарларына ең көп қойылатын аттар анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда үй жануарларын есепке алудың бірыңғай ақпараттық жүйесі — TAÑBA жұмыс істейді. Қазір жүйеде 400 мыңға жуық ит пен мысық және басқа да үй жануарлары тіркелген.

Фото: Дарья Аверченко/Kazinform

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, TAÑBA жүйесінде жануар мен оның иесі туралы негізгі мәліметтер, сондай-ақ вакцинация, стерилизация және өзге де ветеринариялық рәсімдер туралы ақпарат жинақталады. Жануар тіркелген кезде оның аты, тұқымы, жынысы, туған күні, сәйкестендіру нөмірі және иесі көрсетілген электрондық паспорт қалыптастырылады.

Бүгінде жүйеде 291 761 ит және 107 414 мысық есепте тұр.

Иттер арасында ең танымал ат — Ақтөс. Бұл есім 8 863 итке қойылған. Одан кейін Шарик (6 027), Рекс (5 409), Тузик (4 243) және Лайка (4 137) келеді. Үздік ондыққа Арлан (3 012), Мойнақ (2 382), Алапар (2 056), Барсик (2 004) және Барбос (1 963) енген.

Мысықтар арасында Мурка есімі көш бастап тұр — бұл атты 2 236 мысық иеленген. Екінші орында Муся (1 529), үшінші орында Барсик (1 491). Сондай-ақ Мурзик (842), Соня (833), Рыжик (721), Симба (698), Алиса (657), Вася және Кузя (604-тен) кең таралған.

TAÑBA-да сирек кездесетін үй жануарлары да бар. Мәселен, жүйеде сегіз қоян, төрт күзен және бір-бірден тасбақа, сәндік егеуқұйрық, шағын тұқымды шошқа, атжалман мен капибара тіркелген.

Олардың арасында ерекше аттар да кездеседі. Мысалы, тасбақа — Айша, атжалман — Томпи, шағын тұқымды шошқа — Библик, сәндік егеуқұйрық — Финик, капибара — Борис деп аталған. Қояндардың арасында Кембридж, Оксфорд, Рафинад және Снежинка, ал күзендер арасында Пирожок, Умка, Кипиш және Жижа есімдері бар.

Жүйеде теңіз шошқалары, шиншиллалар, маймылдар мен кірпілерді де тіркеуге арналған санаттар қарастырылған. Әзірше бұл жануарлардың өкілдері тізілімге енгізілмеген.

Еске салайық, бұған дейін елімізде үй жануарларын ұстау ережелері өзгергенін хабарлағанбыз.