Актриса Скарлетт Йоханссон OpenAI-ды өз дауысына ұқсас дауысты қолданды деп айыптады

Фото: instagram/ scarlettjohanssonworld

АСТАНА. KAZINFORM – Дүйсенбіде Скарлетт Йоханссон OpenAI компаниясын чат-ботты дыбыстаудан бас тартқаннан кейін ChatGPT үшін өзіне «өте ұқсас» дауыс жасады деп айыптады, деп хабарлайды Reuters.

Йоханссон өз мәлімдемесінде OpenAI бас директоры Сэм Альтман оған өткен қыркүйекте ChatGPT-ны дыбыстау ұсынысымен жүгінгенін, ол одан бас тартқанын айтты.

«Тоғыз айдан кейін достарым, отбасым және жұртшылық Sky деп аталатын жаңа дауыстың маған қаншалықты ұқсас екенін байқады. Мен демонұсқаның шығарылғанын естігенде, қатты таңқалдым, ашуландым және Альтман мырзаның маған қатты ұқсайтын дауысты таңдағанына сене алмадым, менің жақын достарым мен жаңалықтар агенттіктері дауыстар айырмашылығын тіпті ажырата алмады», - деді ол.

Йоханссон Альтманның 2013 жылы актриса ЖИ көмекшісімен қарым-қатынасын дамытатын «Ол» фильміне сілтеме жасайтын твиті арқылы «ұқсастықты растағанын» жеткізді.

Сэм Альтман Reuters-ке жазған электронды хатында Sky дауысы Йоханссонға еліктеу емес және басқа кәсіби актрисаға тиесілі екенін айтты.

«Sky дауысы Скарлетт Йоханссондікі емес және ешқашан оған еліктеуге арналмаған. Біз Йоханссон ханыммен сөйлеспей тұрып, Sky үшін дауыс актрисасын таңдадық. Иоханссонға құрметтен біз өз өнімдерімізде Sky дауысын пайдалануды тоқтаттық», - деді Альтман.

Актриса дауысты жасау процесін зерттеу үшін заңгер жалдағанын айтты.