Акулалардың адамға шабуыл жасауы сиреген
АСТАНА.KAZINFORM - «International Shark Attack File» жобасының халықаралық экологтар тобы өткен жылы акулалардың адамға жасалған 47 шабуылын тіркеді, деп хабарлайды ТАСС.
Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 32%-ға және соңғы он жылдағы орташа көрсеткіштен 33%-ға аз, деп хабарлады Флорида табиғи мұражайының (FMNH) баспасөз қызметі.
- Ғалым ретінде бізді акулалардың табиғи ортада қалай ұстайтыны қызықтырады, бұл олардың кейде адамдарға неліктен шабуыл жасайтынын түсіну үшін қажет. Осы себепті біз бұл балықтардың мінез-құлқына кез келген сыртқы факторлар немесе адамдардың әрекеттері әсер еткен кез келген ықтимал жағдайларды деректер жиынтығынан алып тастадық, - деп түсіндірді FMNH акулаларды зерттеу бағдарламасының ғылыми директоры Гэвин Нейлор.
International Shark Attack File зерттеушілері бірнеше жыл бойы акула түрлерінің мұхиттардың қай аймақтарында адамдарға себепсіз шабуыл жасайтынын жүйелі түрде бақылап келеді. Әдетте, акулалар мұхиттар мен теңіздердің жағалау аймақтарында адамдарға өте сирек агрессия көрсетеді, бірақ мұндай жағдайлардың барлығы қоғам мен баспасөздің үлкен назарын аударды.
Экологтардың айтуынша, 2024 жылы әлемде акулалардың адамға 47 шабуылы тіркелді, бұл 2023 жылғы ұқсас көрсеткіштен және соңғы онжылдықтағы мұндай оқиғалардың орташа санынан үштен біріне дерлік төмен. Қайтыс болғандар саны да азайған.
Зерттеушілер акула шабуылының жартысынан көбі АҚШ-тың Атлант және Тынық мұхиты жағалауларының әртүрлі аймақтарында болатынын айтады. Онда бақылаушылар осындай 28 оқиға тіркеген. Серфинг әуесқойлары теңіз жыртқыштарының агрессиясынан ең көп зардап шегеді - олар акула шабуылының 33% құрады.
Сондай-ақ акула шабуылының көбі - 13-і Аустралия жағалауында болды. Экологтардың айтуынша, бұл жыртқыш шеміршекті балықтардың адамдарға қатысты ең агрессивті екі түрі - ақ акулалар мен сұр бұқа акулаларының осы аймақта көп таралуына байланысты. Басқа оқиғалар Батыс Сахара жағалауында, сондай-ақ Үндістанда, Белизде, Тринидад пен Тобагода, Мальдив аралдарында, Мозамбикте, Таиландта және Кариб теңізінің бірнеше елдерінде тіркелді. Осы жағдайлардың көпшілігінде зардап шеккендердің өмірі сақталды, деп қорытындылады ғалымдар.
Бұған дейін Перуде 9 миллион жыл бұрын өмір сүрген акуланың қалдықтары табылғаны хабарланған болатын.