Бұл шараны ұйымдастырған осы білім ордасының жанындағы «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігі екенін айта кеткен жөн.
Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, «Құр¬мет» орденінің иегері, халықаралық «Алаш» әдеби сый¬лығының лауреаты Ақұштап Бақтыгереева сонау Оралдан «Кәусар» бірлестігінің шақыруымен Елордаға арнайы келгенін жеткізді. Еуразия университетінің ұстаздары мен студенттері алдында өрелі ойларын айтып, қоғам мен өмір, тәуелсіз елдің болашақ жастары жөнінде сыр шертті. Ақын әрбір айтқан ой-толғамдарын жаһұт жырларымен өріп отырды. Ақұштап Бақтыгереева жастарға ұлттық тәрбие туралы дәріс оқыды десек, артық айтқандық емес. Ұлттық құндылықтарды қастерлеу, рухани байлықты сақтау жөніндегі ойларымен бөлісті. Бүгінгі қоғамда өнер адамдарына, әсіресе, жас таланттарға қамқорлық көрсету мәселесі де көтерілді. Ақын студенттердің көптеген сұрақтарына байыпты жауап берді. «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің жетекшісі, белгілі әнші Кенжеғали Мыржықбай жүргізген әдемі әдеби кеште ән мен жырдың жарасым табуы көрермендердің қошеметінен-ақ байқалып тұрды. Осы кештің құрметті қонақтары ақын туралы, оның шығармашалық жетістіктері жайлы жылы лебіздерін білдірді. Атап айтқанда, жазушы Алтыншаш Жағанова, сатирик Табыл Құлияс, жас ақын Маржан Ершу және сыншы, жазушы Айгүл Кемелбаева Жайықтың ақ шағаласы атанған Ақұштап Бақтыгерееваның өзіндік қырлары, поэзиядағы орны жайлы тартымды ойларымен бөлісті. Ақын, зерттеуші Жұмаш Сомжүрек кеш иесінің шығарамаларына талдау жасай келіп, жоғары баға берді. Ақын Серік Тұрғынбекұлы Ақұштапқа арнаған жаңа жырын көпшілік назарына ұсынды. Ақын Айбатыр Сейтақ та өз кезегінде Ақұштаптың «Ақ шағала» атты жыр жинағын оқығаннан кейінгі ой деген өлеңін оқып берді. Бұл кеште А. Бақтыгерееваның сөзіне жазылған бірнеше ән шырқалды. Студенттер ақынның жырларын мәнерлеп оқып берді.