«Ақылды» білезік тоқ соғу арқылы жаман әдеттерден арылтады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Стэнфорд университетінін түлегі Маниш Сети жағымсыз әдеттерден арылтатын Pavlok деген атаумен «ақылды» білезік өндірісін бастамақшы. Оның айтуынша, мысалы, білезіктің иесі таңертең белгіленген уақытта оянбаса немесе спортзалдағы жаттығуына бармай қалса, гаджет иесін қуаты әлсіз электр тоғымен соғады.

Сети алдымен оны өзі қолданып көрген екен. Сөйтіп ақырында Pavlok оған ерте тұруды үйреткен. Қолданушының достары да арнайы қосымша немесе Facebook арқылы белгіленген тапсырмалардың орындалуын қадағалауға мүмкіншілігі бар екен. Мысалы қолданушы жоспарланған 10 мың қадамды орындамаса, оның достары пернені басу арқылы тоқ соқтыра алады. Құрылғыны жасауға қажетті қаражатты жинау бойынша краудфандингтік кампания осы күзде басталады. Егер ол сәтті өтсе, алдағы жылдың басында Pavlok-ты нарықтап көріп қалуымыз ғажап емес. Жаңа құрылғы 250 доллардың маңайында болады деп күтілуде.