Ақылы тұрақ жобасындағы қателіктерден баламалы тұраққа қолжетімділік азайып кетті - сарапшы
«Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» АҚ жобаларды зерттеу және бағалау департаментінің сарапшысы Талант Мықтыбековтың айтуынша , 2019 және 2021 жылдар аралығында ақылы тұрақ орындары бойынша жеке әріптес саналатын «Астана тұрақ кеңістігі» ЖШС атына бағалау қорытындылары туралы 3 хабарлама жіберілді. Мысалы, 2020 жылғы құжаттарда ақылы тұрақ аймақтарының шегіне кіретін жеке автокөлік ағынының төмендеу деңгейін арттырудың сандық көрсеткіші белгіленбеген. Сондай-ақ, жеке серіктес паркоматтарды орнатуды жүзеге асыратындығы және оларды іске асырудан табылған қаражат мемлекеттік әріптестің де үлесінде екені анықталды.
«Өкінішке орай, бұл жоба тұрақ орындарының тапшылығы мәселесін шеше алмады. Өйткені, тұрақ кеңістігі қолданыстағы инфрақұрылымда тұрақ желісін кеңейтпестен жабдықталған. Ақылы тұрақ орындарының негізгі бөлігі азаматтардың тұрғын үйлерінің жанында, тұрғын үйлер арасындағы аумақта орналасқан. Ал бұл халықтың баламалы тегін тұрақ орындарына қолжетімділігін айтарлықтай төмендетті. Жалпы алғанда, жобаны іске асыру процесінде жіберілген қате шешімдер жобаның алдына қойылған міндеттер мен мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік бермеді», - деді сарапшы.