Ақылы жолдар бекетінен тоқтаусыз өту технологиясы қарастырылуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақылы жолдар бекетінен тоқтаусыз өту технологиясы қарастырылуда. Бұл туралы «ҚазАқпарат» агенттігіне «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз қызметінен хабарлады.

«2013 жылы борттық құрылғы - транспондерлер пайдалануға енгізілді. Егер транспондерді пайдалану кезінде құрылғы үшін кепілдік құнын (3 971 теңге) төлеу және қосымша техникалық қызмет көрсету қажет болса, ал қазіргі кезде көлік құралының мемлекеттік нөміріне арналған теңгерімді толтыру технологиясы жұмыс істеп тұр. Бұл тәсіл жол ақысын төлеудің ең ыңғайлы және тиімді тәсілі болып табылады. Бүгінде теңгерімді елді мекендерде, жанар-жағармай құю станцияларында және т.б. толтыруға болады. Алдағы уақыттарда көлік құралын ең жоғары сәйкестендіруді және ақы алу бекеті арқылы тоқтаусыз өтуді қамтамасыз етуді жүзеге асыратын, пассивті RFID белгілері инновациялық технологиясын енгізу қарастырылуда»,-деп атап өтілген компания мәліметінде.

Астана-Щучье ақылы жол бөлігінде қозғалыс жолақтарының өткізу қабілетін арттыру және жол кептелісін болдырмау үшін 2015 жылдың күзінен бастап алдын ала төлем негізінде жұмыс істейтін жолақ іске қосылған. Бұл жолақтың мәнісі - әрбір қолданушы ақылы бөлікке шығардан бұрын қаланың, сондай-ақ, мемлекетіміздің кез келген нүктесінен QiWi, Касса 24 төлем жүйелері арқылы алдын ала төлем жасау мүмкіндігінде болып табылады, бұл ақылы бекет арқылы өту уақытын айтарлықтай қысқартады.

«Сондай-ақ, «KaspiBank» АҚ, «Теңге» және Киберплат төлем жүйелерінің көмегімен терминалдар саны көбейтілетін болады.  Қолданушы алдын ала төлем жасамаған жағдай үшін Дирекция «Мобильді кассир» сервисін қарастырған. Бұл сервистің көмегімен қолданушы көлік құралының (КҚ) шотын ААП-ға (ақы алу пункті) кірген кезде толтыра алады»,-дейді компания өкілдері.

Статистикаға қарасақ, 2015 жылдың жаз маусымында жол ақысы үшін алдын ала төлем жасаған КҚ саны 263 болса, 2016 жылы 2105 автокөлікті құраған.

«Аталған мәліметті талдай отырып, алдын ала төлем бойынша жүретін қолданушылардың көпшілігін тұрақты қолданушылар (КҚ-ның жалпы ағынының 20%-ға жуығын) құрайды. Қалған бөлігін ақылы бөлікке бірлі-жарым шығатындар құрайды, сондықтан да олар алдын ала төлем жасауды қажет деп санамайтын шығар.  «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ ақпараттық бүктемелер мен флайерлер тарату бойынша іс-шаралар өткізіп тұрады, сайтқа, әлеуметтік желілерге және БАҚ-қа ақпарат орналастырады. Ақылы жолдардың артуымен алдын ала төлемді қолданушылар саны да арта түседі деп жорамалдаймыз»,-делінген компания мәліметінде.