ОРАЛ. ҚазАқпарат - Кеше Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында белгілі ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ақұштап Бақтыгерееваның шығармашылығына арналған «Жайығым деп сыр ашып, жырдан төккен кестесін» атты әдеби-музыкалық кеш өтті.
Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қолдауымен ұйымдастырылған шара барысында ақынның өлеңдері оқылып, сөздеріне жазылған әндер орындалды. Сонымен қатар соңғы кезде естеліктер жазып жүрген ақынның өзі әдебиет пен өнер, қазіргі қоғамның келелі мәселелері, жас ұрпақ тәрбиесі туралы сөз қозғады.
Аталмыш орталықта ақын-жазушылармен осындай кештер ұдайы ұйымдастырылып тұрмақ.
«Өткен жылы қаламызда Қадыр ағамыз атындағы үлкен орталықтың ашылуы біздің басқосуларымызды жиі өткізуге мүмкіндік береді. Осы орайда жас таланттарға да кезек берілетін болады», деді қазіргі кезде Қазақстан Жазушылар одағының БҚО бөлімшесін басқарып отырған Ақұштап Бақтыгереева.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).