Ақын Мәлік Берді Әлінің «Жүрек сөзі» атты жаңа жыр жинағы жарық көрді

АСТАНА. 10 маусым. ҚазАқпарат - Ақын Мәлік Берді Әлінің «Жүрек сөзі» атты жаңа жыр жинағы жарық көрді. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі М. Берді Әлі ұстаздық қызметпен бірге шығармашылықпен де айналысып келеді.

Бұған дейін қаламгердің «Қос ғасырдағы бір ғұмыр» (2001 жыл) және «Айналайын» (2007 жылы) атты өлеңдер жинағы жарық көрді.

Автордың жаңа жинағына енген өлеңдері адамгершілік, парасаттылық, адамдар арасындағы сыйластық тақырыптарын қамтиды. Замандастарына үн қатқан бір өлеңі: «Ақыл менен парасат - жанға серік, адал атқар ісіңді арға сеніп...» деп басталады.

Ақын «Соғыс ғылым болған ба?» өлеңінің шығуына кітапханадағы бір бөлім «Соғыс ғылымдары» деген атаумен жүйеленгендігі себеп болған екен.

Осы өлеңі:

«Қолда ойнасын қару емес, кетпендер,

Зерттелсін еңбекпен тер төккендер», -

дей келіп: «Соғысты ғылым етпеңдер!» деп аяқталады.

«Ит төбелесі» өлеңіне адамдардың бүгінгі қоғамдағы жағымсыз әрекеттері арқау болған. Кейбір тойынған жандар ауыл немесе қала сыртында ит таластыруды әдетке айналдырғаны жасырын емес. Осы бір кірме «дәстүрге» ақын жаны қарсылық білдіреді.

«Адамдардың пейілі бұзылған ба,

Арпалысу болған ба қызық жанға?!

Айтақтаса, алабай айқасады

Адам үшін батысып қызыл қанға», -

деп толғайды автор. Бұл жыр жолдары:

«Есі барлар соғысты тойламайды,

(Есі жоқтар осыған бойламайды),

Сол итінің тағдырын өз басынан

Ит иесі кешем деп ойламайды!» -

деп түйінделеді.

Жаңа жинақта Мәлік Берді Әлінің оқырманға ой салатын өзге де өлеңдері бар.