Бұған дейін хабарланғандай, «Флэш» газетінің бас редакторы Денис Данилевский мен Сергей Михеев Қасымхан Бегмановтың «Мұстафа Шоқай жолымен» атты деректі фильмін көрген соң, Алаш көсемін «фашистермен сыбайлас» деп екі бірдей мақала жариялаған. Осыдан кейін Қасымхан Бегманов Өскемен сотына шағымданады. Алайда қалалық соттың алаш қайраткеріне тіл тигізген басылымды ақтап шыққанын «Айқын» газеті «Мұстафаға тіл тигізгендер Әлихан мен Ахметке ауыз салмай ма?!» (25 мамыр) деген мақалалар топтамасында жазған.
Осыдан кейін Қасымхан Бегманов Мұстафа Шоқайдың ең жақын екі туысы - туған інісі Нұртазаның қызы Нәмина апай мен Шоқаймен бірге туатын Қалымбеттің Мырзеке деген баласынан тарайтын Болат Қалымбетов деген ақсақалды іздеп тауып, олардан сотта Мұстафа Шоқайдың мүддесін қорғау бойынша сенімхат алады. Бұл азаматтар денсаулықтары мен жер шалғайлығына байланысты өздері сотқа келе алмайды.
Сонымен бірге Мұстафа Шоқайға тағылған айыптар бойынша режиссер Бас прокуратураға арнайы сауал жолдап, олар ресми түрде ондай деректерді жоққа шығарады. Бұл ретте Қазақстан Тарих және этнология институты мен Қазақстан тарихшылар қауымдастығынан да арнайы құжат алынады. Бұл деректердің барлығын сот назарына ұсына отырып, Бегманов өзінің атынан облыстық сотқа аппеляциялық шағым береді.
Сөйтіп, 12 шілдеде Шығыс Қазақстан облыстық соты «Флэш» газетінде жарияланған жөнсіз ақпараттарды жоққа шығарып, Бегмановқа 100 мың теңге моральдық өтемақы төлеп, сот шығындарын қоса жабуға міндеттеді. Бұл жерде «ең бастысы - өтемақы өндіруде емес, Мұстафаның кінәсіз атын ақтап алуда»,- дейді Бегманов.
«Азаттық» сайты мәліметтеріне қарағанда, Денис Данилевский Конституциялық сотқа шағымданғысы келеді екен. Әйтсе де, Қазақстанда мұндай соттың жұмысын тоқтатқанына биыл 17 жыл болады. Соған қарағанда, басылым басшысы Қазақстан тарихынан ғана емес, Конституциясынан да хабарсыз болса керек, деп жазды bnews.kz.