Несіпбектің шығармашылығын қыдыра шолғанда оның алтын арқауы Алаштың азаттығы, ұлттың ұлылығы екені көзге айқұлақтана шалынады. Ана бір жылдары «Бәйтерек», «Көкала үйрек», «Ту», «Ақмола шайқасы» поэмаларымен жұртты жалт қаратқан ақын енді кемел шабыттың шарпуында екен. Несіпбек жырларын оқығанда осыған анық көз жеткіздік, деп жазады Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Серік Ақсұңқарұлы «Айқын» газетіндегі зертеу мақаласында.
Ақындық - тәңірдің берген сыйы. Кез келген ақын ұлт ақыны деңгейіне көтеріле алмайды. Ұлтты жырлау елдік мүддені жырлау ғана емес, ол үшін бүкіл болмысыңнан, шығармашылығыңның өн-бойынан ұлттық рух жусан иісіндей бұрқырап тұруға тиіс.
Тәуелсіздікті жырламаған ақын жоқ. Ал сол азаттықты барынша таным-түйсігімен түсіне, жеріне жеткізе, егіле жырлаған ақын сирек. Сол сиректің бірі - Несіпбек. Отаршылдық қиянатын ерте сезінген қазақтың осы қара баласының ел егемендігі хақындағы жырларының әр шумағын тебіренбей, еміренбей оқу мүмкін емес. Екі бірдей өктем елдің тегеруінді тезіне түсіп, ел-жұртының егемендігін сағына, сарғая күткен атаның ұрпағы, арқалы ақын Несіпбектің берісі - Алаш, әрісі - адамзат үмбетіне айтар сөз, ағытар сыры аз емес. Бодандықтың не бір сұрқиялығын бесіктен белі шықпай, көңіліне түйген шерлі Несіпбектің Тәуелсіздікке тәу еткен жыр-толғаулары біздің өлеңдерімізден гөрі табиғи әрі шынайы екенін мойындауымыз керек! Несіпбектің өмірбаяны, тағдыр-таланы бізден өзгешелеу болды. Сондықтан да тәуелсіздік таңы атқан шақта күрмелген тілі шешілді, шідерден босаған жүйріктей көсілді.
Күштіге тізе бүгіп басым келген,
Айырылдық атақоныс асыл жерден.
Қымбатқа түсті бізге бұл азаттық,
Хан Кене, Махамбеттер басын берген...
Ақын жырларын оқып отырып баяғы Бұқар-екең айтатын «Бағаналы орда, басты орда, Байсал орда қонған жұрт, Қара түлкі қармалжық, Қас сыпайы киген жұрт, Ақсары атам аспалап, ел жаулауға шыққан жұрт, Хақтың жолын күзетпей, Жамандықты ұққан жұрт; Бас, аяғың бай болып, Бәсеке дәурен сүрген жұрт; Бай төбетің маңқылдап, Байсал тауып үрген жұрт» дегендей көптен күткен алтын күлдіреуішті тәуелсіздігіне тәу етіп, сырлы да сырбаз сұлу сөзден мол олжа салған екен дейсің! Несіпбек ұлттың уызына, мәйегіне жарыған ақын. Ол бүгінгі болмысқа, ірі бетбұрыстарға бей-жай қарай алмайды. Бүгінгі мен өткенді шабыстыра, шендестіре толғайды. Қазақ сөзінің құдіреті мен қарымын шебер пайдаланады. Сол үшін оны көнеден қалған бір сарқыт дерсің. Сол көненің көзіндей бір тұяқ бүгінгі тәуелсіздік бақытын, қазақтың сол жолда өткені мен кеткенін жырлау үшін арамызда жүргендей.
Иә, Тәуелсіздік біз үшін мың мәрте киелі ұғым! Бүгінде дүниедегі өркениетті жұрттардың көшін бастап, басқа елді өр кеудесімен жасқап отырған АҚШ-тың өзі өз Тәуелсіздігі үшін қаншама жыл қан кешіпті. Ал туасы ел болғаннан бері біреуге бодан болудың не екенін білмей келе жатқан мемлекеттер де бар екен. Жапония, Ұлыбритания, Швеция, Испаниялардың шежіресінде Тәуелсіздік күні атымен жоқ көрінеді! Олар баяғыдан бостан, бізше біреуге жаутаңдап, көсемсінген көрінгеннің қас-қабағына қарамаған...Өзінен басқаға, өзгеге қызмет етпеген! Ұлы - құл, қызы -күң болмаған! Оларда бәрі бар - ағыл-тегіл байлық, мамыржай тіршілік, емен-жарқын күлкі, тіпті адамзатқа ортақ ақша бірлігі - доллар, атом бомбасы... Бірақ бүгінде олардың ақындары не жазарын білмей қалды. Еуропа қартайды. Рухани, моральдық тұрғыдан артқа шегінді. Керісінше, біздің Шығыс - небір ұлы ақындары бар, тәуелсіздігін, елдігін қадір тұтар көне Шығыс қайта оянды. Өткен мен бүгінді, Шығыс пен Батысты толағай ойлап, өрелі ой айтатын, халқына, еліне жаршы болатын көркем ойдың хас шеберлері туды. Олардың инерциясы, шалғысы суылдаған қырандай отты тебіні қаймана халқын
алға қарай жебеуде. Осы бір құбылысты басқа ел емес, біз өзіміз бағалай білсек-ті! Ғаламдық рухани кеңістікте алдына ел салмай, ешкімге ұқсамай ерек тұрған қазақ жырының айтулы тұлғасы Несіпбек Айтұлының поэзиясы отаршылдық ойранына лағынет айтқандардың көш басында тұр. Сондықтан да ол кеңестік кездің өзінде:
Сыртым бір қоңыр бағылан,
Ішім бір кекті қабылан.
Қабылан айбат шегеді,
Қабанға азу жаныған, - деп жасқанбай жырлады.
Бұл толғауды асылдың сынығы - менің Бекболат інім қара қобызда күңірентті.
«Шөп шыққан жеріне шығады», «Алтын шыққан жерді белден қаз» деген бар. Алтын демекші, қазаққа Тәңірі мына дүниедегі игіліктің бәрін берген. Алтайдан Атырауға дейінгі ұлан-ғайыр аймақтың асты да - алтын, үсті де - алтын. Онда ғұмыр кешкен Алтын киімді ханзадалардың атының ер-тұрман, жүгеніне дейін алтынға апталып, күміске күптелген. Бұл - Адам-Ата - Һауа Ана жаралғалы бір-бірімен алтын үшін арбасып, неше түрлі қырғын соғыстар жасаған былайғы адамзат нәсілінің өңі түгілі, түсіне де кірмейтін дүние. «Аз сөз - алтын, көп сөз - көмір» деп, аузынан шыққан лебізінің өзін саф таза алтынға балайтын да осы жұрт. «Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы» (Абай). Содан болар, қазақтың маңдайына Құдай Тағала жазған құт-ырыстың ішіндегі ең кереметі - қара өлең. Оның мына жарық жалғанда қай аттың үсті, қай түйенің қомында, қандай дуалы ауыздан қалай түсе салғаны бір Аллаға ғана аян. Белгілісі - VII-VIII ғ.ғ. тасқа таңбаланған Тоныкөк, Күлтегін, Білге Қағанның қаһармандық жырлары, Жүсіп Баласұғынның «Құтадғу білік» дастандары. Бұлар біздің елдің жан-жүйесін тебірентіп, ет жүрегін елжіретіп жатқанда бүкіл Еуропада мұндай шаһқар (шедевр) туындылар мен озық үлгілер болмаған. Бұған халық эпосын қосыңыз! Одан - Абай, Мағжан, Қасым, Мұқағали, Фаризалар шығады ғой.
Осыншама ұлы тұлғалар жайғасқан қазақ жырының төріне шығу түгілі, босағасынан сығалаудың өзі жұмырбасты пендеге қиямет-қайыммен пара-пар дүние. Ананың құрсағынан жарық дүниеге келумен сол анаң, әкең, ата-бабаң жүрген ұлттың рухани айнасы ұлттық поэзияға жету - жер бауырлаған пенде баласының соның тартылыс заңын талқандап бұзып, ғарышқа көтерілгеніне ұқсас құбылыс! Әсіресе, дәстүрі берік, тарихы терең, тұлғалары бірінен-бірі өткен ірі, ұлттық бояуы мың құбылып, көзді арбап, көңілді алаң етіп, көкіректі көл-көсір сезімге бөлейтін қазақ жырының қақпасын айқара ашудың азабы, тіпті бөлек. Менің ақын досым Несіпбек Айтұлы соның бәрін өзегінен өткізіп, басынан кешіп, қазақ өлеңіндегі «Кел, кедей, басың қос жалшымен, Байларды қойдай қу қамшымен» - дейтін қара дүрсін сарынды қамшылап қуып шыққан қаракөктердің қатарын түзейді. Біз Қазақстан Жазушылар одағының Коммунистер (Абылайхан) даңғылы, №105 үйдегі ғимараттағы есігінен алғаш сығалағанда осындай өлеңсымақтар төбемізде ойран салып жүрген. Қайран Қасым жалғыз өзі жағасынан алып, кейін Мұқағали, Қадыр, Тұманбай, Өтежандар біраз сілкілеген бұл сілімтіктің сілікпесін шығарған осы Несіпбектер еді.
Сол кездегі біздің буыннан Мұқағали Мақатаевтың көзі осы Несіпбекке түсті. Қазақтың қайнаған қалың ортасынан шығып, бізше орысша сақауланбай, ұлттық ойлау жүйесін жан дүниесіне сіңірген Несіпбектің өлеңдеріне Мұқағалидай Мэтрдің жан тартуы тегіннен-тегін емес еді. Дантенің «Тәңірдің тәлкегін» тәржімалап жүрген ұлы ақын Мұқағали Несіпбек шығармашылығындағы эпикалық сарынды сол кезде-ақ аңғарды. Несіпбек Айтұлы кейіннен қазақ батырларының тұтас бір поэтикалық понарамасын жасап, Абылай, Бөгенбай, Қабанбай, Бердіқожа, Шақантай, Кенесары, Тайжандардың қаһармандық образдарын сомдап шықты.
Мынау - Жалаңтөс:
Жалғанның жанған отын өшірмеген,
Тірлікте жұмбақ қанша шешілмеген.
Шешесі тұңғышына жерік болып,
Көкжалдың дейді қақтап төсін жеген.
Тереңге батырса да заман, мейлі,
Атағы аспандаған ер өлмейді.
Жарқырап апай төсі жауды қуып,
Жалаңтөс атанғаны содан дейді.
Мынау - Төлегетай:
Бұлыңғыр өткен өмір бұлдыраған,
Тұмандай түнереді тұнжыраған.
Тұтасқан көк мұнардың арасынан,
Жалт етіп көрінер ме мұңлы бабам?
Толқыннан толқын қуып кетіп жатыр,
Тіршілік аққан судай сылдыраған
Түйінін тоқсан түрлі дүниенің,
Түгелдеп бас-аяғын кім құраған?
Жұрнағын жинай алмай жұртта қалған,
Ел едік Тәңірге шын жылаған.
Шапырашты Наурызбайға қараңыз:
Ұлы жүз Шапырашты - арғы тегі,
Асылдан бергі жағын өрбітеді.
Құдайым құрсақтыны құр қалдырмас,
Әр елдің маңдайына ер бітеді.
Қай заман ұлы шайқас тоқтағалы,
Қоздайды, көне тарих шоқтанады.
Жатқаны Дегересте - әшейін сөз,
Түскен жоқ алып батыр аттан әлі!
«Өтіп барады эпостың есіл дәурені...» («Умчался век эпических поэм») деп еді Юрий Лермонтов ХІХ-ғасырда. Орыстың әр сөзі пайғамбардың лебізіндей естілетін сол кер заманның өзінде қазақ поэзиясы оған пәлендей елең ете қойған жоқ. Неге? Өйткені біз эпостан туған жұрт едік. Дүниенің саяси картасында эпос елі атанған жұрт саусақпен санарлықтай. Оның сонау төркін жұртында «Илиада» мен «Одессеяны» жасаған гректер тұр. «Махабхарата» мен «Рамаяна» эпосымен үнді жұрты көзге қиядан шалынады. «Эдда» жырын туғызған Скандинавия мен «Нибелунги» жырының иесі немістердің ақ маңдайы алыстан жарқырап көрінеді. Эпос ат үстінде 3 мың жылдай сайран салған көшпелілердің қанына сіңіп, сүйегіне кірігіп кеткелі қашан?! Орыста «Игорь жасағы туралы» жалғыз жыр ғана бар. Оның өзінің шыққан тегі әлі күмәнді. Ал біздің «Алпамыстан» бастап, «Қыз Жібектерге» дейінгі аралықтағы халық эпосы қаншама? Қазақстан Ғылым Академиясының қолжазба қорында шаң басып жатқан бес жүзге тарта томдарды айтпағанда... Ұлттық Тәуелсіздігімізді ұранды жырына қосып, қазақ эпосын қайта жаңғыртқан Несіпбек Айтұлының «Арқатірек» поэмалар циклы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығына бірден-бір лайық шығарма. Ұлттық ой, сана, дәстүрден бастау алатын өнер туындысы мен эксперимент, еліктеу-солықтаудан жасалған жасанды нәрселер - қара жолда өскен қазақ пен асфальтта өскен қазақтай бір-біріне кереғар дүние. Атажұрт, шыққан тегінен айнымаған шығарма ғана «Табаны жерде тұрғанда, тапжылмайтұғын Антейдей» (Кеңшілік Мырзабеков) өміршең болмақ.
Суреткерлік - Несіпбек поэзиясының басты сипаты. Оның қаламынан адам мінезі, табиғат тынысы, оқиғалардың бірден бірге ауысуы табиғи, теп-тегіс, жұмыр күйінде туады. Көп ақындарға алынбас қамалдай көрінетін ерлікті, есерлікті, соғыс жағдайын өте нанымды суреттейді.
Қаһарлы Наурызбай алып күшті,
Дүлейді бір ұрғанда қағып түсті.
Бөксесі ертоқымнан қопаң етіп,
Өкіріп аттың жалын барып құшты.
Аяғы көктен келді тыраң асып,
Серпілді сансыз қалмақ тұра қашып.
Естерін қайта жинап кескілесті,
Қырғанда қазақ қолы қуа басып.
Келгені анық еді өліскелі,
Өліспей қалмақтар да беріспеді.
Шайқасқа кірді қойшы-қолаңы да,
Иен қап өрген малы өрістегі...
Поэмада Наурызбай батырдың ерен тұлғасы ерекше сомдалған.
«Төлегетай» поэмасы да ғасырлар қойнауынан сыр шерткен тарихи жыр-шежіре. Қалың оқырман көптен көз жазып қалған мұндай шығармалар бүгінгі ұрпақ үшін ауадай қажет.
Қазақтың қассиетті әр атасы,
Биік тұр не шоқтығы, не жотасы.
Аттарын ауызға алсам,
Кең даланың
Тебіренер өзге түгіл қара тасы.
Тегін білу тектілік. Тәуелсіздіктің рухани тірегі, айбыны - қазақтың қазақтығы. Ертедегі бабалардың Атыраудан Алтайға, Сыр бойынан Сібірге дейінгі ұлан-ғайыр жерді уысында шайқалтпай ұстап тұрғаны аян. Біз сондай іргелі ел болған екенбіз. Осындай ұлан-ғайыр кеңістікте біздей біртекті, бір тілді халық кемде-кем. Империялық және кеңестік қуғын-сүргін кезінде де іштегі, сырттағы қазақты тілінен, ұлттық болмысынан айырмай сақтап қалған - сол ұлы құдірет. Кезіндегі үлкен елдіктің шарапаты, ұлттың ішкі иммунитеті. Соның арқасында бүгін тәуелсіз ел болдық. Киелі көне жұртымызда қайта шаңырақ көтеріп, еңсе тіктедік. Ендеше, жоқтан пайда болмадық.
Даңқына дара батыр шаң қонбаған,
Тұранның тұтастығын армандаған.
Көк туды қорғайды енді киесімен,
Ерліктің ата жолын салған бабам, - дейді,
«Жалаңтөс» поэмасында ақын.
Ата-бабамыздың бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған, бірін-бірі желеп-жебеген, бірде байтақ даланың ол шетінде, бірде бұл шетінде жүріп қасиетті қалың жұртын жаудан қорғаған ерлігі - ақын шығармашылығының алтын өзегі.
Бүгінгі қазақ поэзиясының жампозы Несіпбек - Тәуелсіздік пен елдіктің, еркін ойдың, кемел келешектің жаршысы. Ол нағыз ақынға тән болмысымен, азаматтық ой-пікірімен азаттықтың асқақ жыршысына айналды. Сондықтан ол өз замандастарынан оқ бойы алда келеді. Маған ол кейде эпикалық жанрдың шашасына шаң жұқпас жүйріктері - кешегі Ілияс, Мағжан, Иса, Нұрқандардың бүгінгі тірі жүрген көзіндей көрінеді...
Несіпбек екеуміз 2008 жылы осы сыйлыққа қатар ұсынылып, қатар шаптық. Екеуміз де көмбеде сүріндік. Дұрысы - сүріндірді. Сол көпе-көрнеу әділетсіздікті республикалық баспасөз ұлардай шулап жазды. Әсіресе, марқұм Ақселеу ағам ашына айтты. Амал не, болар іс болды.
Біздіңше, Мемлекеттік сыйлық Мемлекеттік мүддені, Тәуелсіздікті ту етіп көтерген шығармаға берілуі керек. Ендеше, азаттықтың асқақ жыршысы Несіпбек Айтұлының «Арқатірек» кітабы мұндай мәртебелі марапатқа әбден лайық. Мұқағали ағаң аузыңа түкірген сені киелі жыр перісі, өзің жырлаған бабалар рухы қолдасын, бауырым, Несіпбек демекпін!