Ақын Нағашыбай Мұқатовқа «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері» атағы берілді

АСТАНА. Наурыздың 20-сы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Бүгін Мәдениет және ақпарат министрлігінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Нағашыбай Мұқатовқа «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері» атағы мен төсбелгісі табыс етілді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.Жетпісінші жылдары үлкен әдебиетке келіп қосылған толқынның өкілі ретінде ол халқымызға жауһар жырларын, публицистикалық эссе-толғауларын ұсынып келеді. Бірнеше жыр жинақтары жарыққа шықты. Нағашыбай ақын Торғай өңірінде журналистік еңбек жолын бастағанымен, 1991 жылдан бері Қостанай қаласында еңбек етіп келеді. Әуелі облыстық телерадиокомпаниясында қазақ редакциясының бас редакторы болды. Осы тұста Қостанай өңірінде ана тіліміздің мәртебесінің артуына, ұлттық салт-дәстүрдің қанат жаюына атсалысты. Бүгінгі таңда Ыбырай Алтынсарин мұражайының директоры ретінде жас ұрпақтың бойына рухани байлықты сіңіру бағытында еңбек етіп келеді.