Сара Тастанбекқызының қолына алғаш ұстаған домбырасы, тігін машинасы, қайшысы және тұрмыста қолданған қара қазаны музейде тұр. Қазір осы төрт зат мұражайдағы ең құнды жәдігер болып саналады.
«Мемориалды музей 1993 жылы Сара Тастанбекқызының 115 жылдығына орай ашылды. Ақын Сараның музейі орналасқан ғимараттың өзіндік тарихы бар. Бұл ғимарат Қапал уезі болған кезде бас дәрігер Соболевский деген кісінің емханасы болды. Тіпті өзінің сапарларында Шоқан Уәлиханов осы жерге аялдап, ем алған деген деректер де бар», - деді С.Тастанбекқызы атындағы мемориалды музейдің меңгерушісі Айгүл Әлімбаева.
Жалпы мұражай төрт бөлімнен тұрады. Төрт бөлім де бес баланы дүниеге әкелген Сараның өмірі мен шығармашылығынан сыр шертеді. Бірінші бөлім - Сара Тастанбекқызының балалық шағына, екінші бөлім - оның өскен ортасына, үшінші бөлім - шығармашылығына және төртіншісі ақынның ізбасарлары мен ұрпақтарына арналған.
Мұражайда 700-ден астам экспонат бар. Қапал жерінде 1878 жылы дүниеге келген ақын Сараның кесенесі де осы ауыл маңында орналасқан. Көптеген туристер кесенеге арнайы барып, басына құран бағыштап тұрады.