Ақын Серік Тұрғынбекұлы жырсүйер қауымды шығармашылық кешіне шақырады

АСТАНА. Маусымның 5-і. ҚазАқпарат - Бүгін Елорданың Конгресс-Хол сарайында танымал ақын, халықаралық Алаш сыйлығының иегері Серік Тұрғынбекұлының шығармашылық кеші өтеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

1946 жылы қасиетті Торғай өңірінде туған Серік Тұрғынбекұлының есімі жырсүйер қауымға жақсы таныс. Көптеген жыр кітаптарының авторы. Бірнеше мүшайралардың жеңімпазы. Айталық, 1995 жылы Абай Құнанбайұлының туғанына 150 жылдық мерейтойындағы ақындар мүшайрасында бас жүлдені иеленді.

Жастық және жігіт ағасы шақтарын Алматы қаласында өткізген, елмен бірге Елордаға қоныс аударған Серік Тұрғынбекұлы соңғы он жылда Астана жайлы небір туындыларды дүниеге әкелді.

Бүгінгі кешті ақын «Аспан асты - Астана» деп атаған. Өзінің айтуынша, мемлекетіміздің Елордасы - барша қазақтың мақтанышы, келешек ұрпақтың қаласы. Шығармашылық кеште Астана туралы жыр да оқылады, ән де шырқалады.

Құдіретті жырдан қуат аламын деген Елорда тұрғындары мен қала қонақтарына Конгресс-Хол сарайының есігі ашық. Кештің басталуы - сағат 17-00-де.