Ақын Төрегелді Тұяқбай оқырмандарға өзінің «Бастау», «Өз көзіммен», «Қарлы құйын», «Орман аңызы», «Жан дауысы», «Сүймегендер сағынбайды» атты поэзия кітаптарымен және көркем аударма туындыларымен жақсы таныс. Өлеңдері бірнеше тілге аударылған ақынның белорус тілінде «Снежны чалавек» (1992) атты кітабы жарық көрген.
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов «Жүйелі ойға, киелі сөзге ынтазар ақын» деген тақырыппен осы кітапқа алғысөз жазған. «Төрт тоғыс» атты сөз биі кітабында автордың ақындық жолдағы мақсаты, ой-парасаты, заманға, қоғамға, уақытқа, ұлтқа көзқарасы айқын көрініс тапқан.
«Өлең сөзді өзгеше өріп, сыңғырлатқан, ойшылдық пен рухани сұлулық, нәзіктік пен сыршылдық біртұтас құбылысқа айналған. «Сөз алды» дейтін лебізінде ақындық кредосы тайға таңба басқандай айқын сипатталған. Сөздің мәнін, сымбат-сәнін, орамын, ретін қиюластырып келтіру, тігісін жатқызу, өрелі ой-пікірлермен тұздықтау, оқырманның зерде, сана айнасында терең із қалдыру - ақын Төрегелдінің сүйікті мәнері»,- дейді ғалым Серік Негимов.
Ақынның жаңа туындысы 9 баспа табақтан, 216 беттен тұрады.