Ақын, журналист Сайлау Байбосынның «Ерейментау» атты кітабының таныстырылымы болды

Фото: None
АСТАНА. Қаңтардың 15-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада ақын, журналист Сайлау Байбосынның «Ерейментау» атты кітабының таныстырылымы болды.

Аталған басылымның сериясымен бірнеше кітаптың жарық көргенін атап өткен ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, профессор Қойшығара Салғара «бұл басылымның әрбір қазақтың тарихи жерлерін, әсіресе тарихи тұлғалар шыққан жерлерін бүгінгі жағдайымен өткен тарихын өзектестіре, сабақтастыра, жалғастыра отырып шығаруы өте орынды», деді.

Ереймен өңірі қилы-қилы тарихымен, қарыс сүйем жері үшін қаһармандықпен күрескен қанжығалы Бөгенбай, Жантай, Бозан батырлардың, Бөгенбайдан тарайтын Бапан, Саққұлақ билер, сондай-ақ Үмбетей жырау сияқты халқына қорған болған ұлы тұлғалар дүниеге келген мекен. Кең-байтақ қазақ даласының қасиетті бір пұшпағы саналатын осынау өңірдің арғы-бергі тарихы хатталып, ел ауызында айтылатын аңыз-әңгімелер сараланған, айтулы оқиғалар мен шежірелік жылнамалар жүйеленген, тарихи танымал тұлғалар жайында сыр шертетін кітаптың оқырманға берері аз емес.

«Фолиант» баспасының «Менің Отаным - Қазақстан» сериясымен жарық көрген кітаптың тұсаукесер рәсіміне ақын- жазушылар, мәдениет және өнер қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының қолдауымен өткен шара барысында «Фолиант» баспасы кітаптарының көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге әртүрлі оқулықтар, сөздіктер, көркем шығармалар қойылған.

Соңғы жаңалықтар