Ақырап Жұбанов туралы «Өнертану атасы» деп аталатын естеліктер жинағы жарық көрді
20:07, 27 Мамыр 2009
АЛМАТЫ. Мамырдың 27-сі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда Ақырап Құдайбергенұлы Жұбанов туралы «Өнертану атасы» деп аталатын естеліктер жинағы жарық көрді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оның тұсаукесері Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік мұражайда өткен Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің 70 жылдығына арналған салтанатты шарада жасалды. «Балалар әдебиеті» баспасынан жарық көрген бұл еңбектің құрастырушылары Ш. Бәйкенова мен К. Бекенов. Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінің сұңғат және мүсін кафедрасының меңгерушісі Мәлік Өскенбайдың айтуынша, Ақырап Жұбанов еліміздегі бейнелеу өнері мамандарын дайындау ісінің ұйтқысы болған көрнекті мәдениет және қоғам қайраткері. Оның бұл арманы қазір толық жүзеге асып отыр деуге болады. Оқу орнының түлектері еліміздің барлық жерінде жұмыс жасайды. Еліміздегі өнер саласындағы ең алғашқы білім ордасы түлектерінің арасында КСРО халық суретшісі, Ресей Көркемсурет академиясының корреспондент-мүшесі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, Халықаралық ғылым академиясының құрметті академигі Қ. Телжанов. КСРО халық суретшілері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаттары С. Мәмбетов, Х. Наурызбаев, М. Кенбаев, Ү. Әжиев, Г. Ысмайылова, Е. Мергенов және тағы басқа да есімі әлемге әйгілі өнер шеберлері бар.