Ақжарма ауылындағы 7 жылыжайдың құрылысы бітуге жақындап келеді - Қызылорда облысы

None
ҚЫЗЫЛОРДА. Қыркүйектің 1-і. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда облысы Сырдария ауданындағы Ақжарма ауылы аумағында салынып жатқан көлемі 350 шаршы метрді құрайтын 7 жылыжайдың құрылысы бітуге жақын. Ол 2010-2014 жылдарға арналған Мемлекеттік Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында салынып жатыр.

Жалпы, аймақта соңғы жылдары жылыжайлар құрылысына айрықша мән беріліп отыр. Экологиялық апат кіндігіндегі облыс тұрғындарын жыл он екі ай бойына жаңа көкөніс өнімдерімен қамтамасыз етіп отыру бағытындағы бұл жұмыстар 2009 жылы облыстық бюджеттен арнайы қаржы бөлу арқылы қолға алынды. Осы жылы «Қызылордаагросервис» МКК-ның жылдық қорын толықтыруға бөлінген қаржылар негізінде 3 жылыжай лизингке беріліп, іске қосылған болатын. Бұл кәсіпорындар қазір толық қуатында жұмысқа кірісіп, өзі өнімдерін ұсына бастады. Ал Ақжармадағы жылыжайлар іске қосылғасын аймақтың сұранысы бұрынғыдан да жақсы орындала бастайды.