«Ақжайық» допты хоккей клубының болашағы қалай болмақ
«Ақжайық» командасы – допты хоккейден байрақты бәсекелерде ел намысын қорғап жүрген Қазақстандағы бірден-бір кәсіби клуб. Аталған ұжымнан жаңа маусымда не күтеміз? Батыс Қазақстан облысындағы беткеұстар клубымыздың болашағы қандай болмақ? «Ақжайық» ойыншыларынан жасақталған Қазақстан құрамасы әлем чемпионатында жүлдеге іліге ала ма? Kazinform тілшісі осы сауалдар төңірегінде спорт сарапшылары мен мамандарының пікірін тыңдап көрді.
«Ақжайыққа» қолдау бола ма?
1976 жылы құрылған «Ақжайық» допты хоккей клубы осы жылдар аралығында түрлі атаумен өнер көрсетіп келгенін бірі білсе, бірі біле бермейді. Ал, ең қызығы, кезінде КСРО чемпионатында үздік шығып, Еуропа чемпиондары кубогінің иегері атанған Алматының «Динамосы» 1995 жылы тарап кеткеннен кейін «Ақжайық» Қазақстандағы жалғыз кәсіби клуб болып қалды.
Елімізде біріншілік ұйымдастырылмағандықтан, допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста ойнап жүрген «Ақжайыққа» өткен маусымда облыстық бюджеттен 100 млн теңге бөлінбей, қаржыландырусыз қалған болатын. Соған қарамастан, батысқазақстандық клуб Ресейдің жоғары лигасында өнер көрсетіп шықты. Жағдай биыл қалай болмақ? Көптің көкейінде осы сауал жүр.
БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жеңіс Нығметуллин мәлім еткендей, 2023 жылы «Ақжайық» жеке кәсіби клубын қаржыландыру тоқтатылып, үнемделген қаражат балалар-жасөспірімдер спортын дамытуға бағытталды.
Оның сөзіне қарағанда, жеке клуб басшылығы команданы тиісті қаражатпен қамтамасыз ете алмады. Сондықтан жыл соңына дейін «Ақжайық» допты хоккей командасын ұстау үшін мемлекеттен 30 млн теңге бөлінді.
«Ақжайық» допты хоккей командасының Қазақстандағы жалғыз кәсіби клуб екені рас. Допты хоккейден Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасының негізін «Ақжайық» допты хоккей клубының спортшылары құрайды деуге болады.
Допты хоккей – облысымыздағы жастардың үлкен сұранысына ие, тарихы бай, өзіндік дәстүрі қалыптасқан спорт түрінің бірі. Осы спорт түрінен батысқазақстандықтар әлем чемпионаттарында жүлделі орындардан көрініп, Қазақстанды дүние жүзіне танытуға үлестерін қосты. Сол себепті допты хоккей командасын сақтап қалу қажет деп есептеймін. Осы мақсатта 2024 жылға клубқа қаражат қарастыруды көздеп отырмыз. Нақты қанша қаражат бөлінетіні биылғы желтоқсан айында белгілі болады», - деді Ж.Нығметуллин.
Өз кезегінде «Ақжайық» спорт клубының директоры Дамир Қалақов облыс басшылығы тарапынан қолдау болатынын жеткізді.
«Ақжайық» командасының Оралдағы ойындарын «Жастар» стадионында өткізетіні белгілі. Стадионда жасанды мұз орнату және оны жөндеуге қатысты мәселелердің барлығы да бақылауда. Қазіргі таңда жаңа маусымды бастау үшін клуб керекті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп отыр», - деді Д.Қалақов.
Жаңа маусымнан не күтеміз?
«Ақжайық» 2023-2024 жылғы маусымда жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста екінші топта «Локомотив» (Орынбор), «Волга-Черемшан» (Ульяновск), «Знамя-Удмуртия» (Воткинск), «Маяк» (Краснотурьинск), «СКА-Уральский Трубник-2» (Екатеринбург), «Ак Барс-Динамо-2» (Қазан) және «Никелщик» (Верхний Уфалей) клубтарымен сынға түседі. Бұлардың бәрі де – жылда бір топта ойнап жүрген сыралғы командалар. Биыл оралдықтар маусымды өз айдынында бастап, 16-17 желтоқсанда «Волга-Черемшанды» қабылдайды. Аталмыш топтан үздік төрт команда финалдық турнирге жолдама алады.
Д.Қалақовтың мәлімдеуінше, «Ақжайық» жаңа маусымға жоспар бойынша дайындалды. Қазіргі кезде «Жастар» стадионында, жабық мұз айдыны сарайында шеберліктерін ұштап жатыр.
Ульяновск қаласындағы халықаралық турнирге қатысқаннан кейін Өскеменде «Ақжайық» қарсылас шыдатпай, ҚР кубогінің иегері атанды.
«Команда құрамы айтарлықтай өзгеріске ұшыраған жоқ. 90 пайызы – Орал допты хоккейінің түлектері. Атап айтқанда, қақпаны бұрынғыша Вячеслав Горчаков пен Біржан Ахметжанов қорғайды. Команда капитаны Максим Өтебалиев қайтып оралды. Аса тәжірибелі қорғаушы Денис Максименко мен жартылай қорғаушы Самат Аманшиннен бөлек Дәурен Оралов, Нұрбол Бөкешов, Никита Яров, Әліби Ғаділгереев, Мақсат Балмашов, Болат Мұхит, Қуаныш Маймақов, Мүсілім Меңдіхановтарға сенім артып отырмыз. Соңғы жылдары команда сұрмергені болып келе жатқан Максим Пахомов пен тағы бір ресейлік Артем Лапшин «Ақжайықтың» ойынын ширата түседі деп ойлаймыз. Алдағы мақсат – өз тобымызда алдыңғы орындардың бірін иеленіп, финалдық сайыстарға жолдама алу», - дейді Д.Қалақов.
«Ақжайықтың» бас бапкері, кезінде өзі де ойнаған халықаралық дәрежедегі спорт шебері Николай Шавалдиннің нақтылауынша, биыл маусымға дайындық әдеттегіден ерте басталды.
«Қазақстан допты хоккей федерациясына Словакияда өтетін Еуропа чемпионатына қатысу туралы шақырту келді. Сол себепті тамыз айының басында демалыстан шығып, аталмыш турнирге дайындалдық. Айдың соңында өткен Еуропа чемпионатында жеңімпаз атандық. Елге келген соң «Жастар» стадионында әзірлігімізді жалғастырып, қазан айының екінші жартысында Ульяновскіде Қазақстан құрамасы ретінде халықаралық жарысқа қатыстық. Онда да дода жақсы ұйымдастырылған, бізді жылы қарсы алды. Ал қараша айында Өскеменде ҚР кубогінен чемпион атандық. Алдымызда Қазақстан біріншілігі, Ресей чемпионаты ойындары бар. Халықаралық турнирлерге де шақырады деп ойлаймыз. Ең бастысы, әр ойында жеңіс үшін барымызды саламыз», - деді Н.Шавалдин.
«Төл командама қайта оралғаныма қуаныштымын. Жаңа маусымнан күтеріміз көп, жұдырықтай жұмылып, айдынға шығатын боламыз», - деп атап өтті команда капитаны, шабуылшы Максим Өтебалиев.
Жанкүйерлер қаржының тұрақты түрде бөлінгенін қалайды
Команда жанкүйерлерінің бірі Сергей Плотников «Ақжайықтың» ойындарын 1981 жылдан бері көріп келе жатқанын айтады.
«Он екі жасымда досымның әкесі стадионға апарды. «Ақжайық» ол кезде «Геолог» болып аталатын. П.Атоян атындағы стадионда өткен сол ойында «Родина» (Киров) командасын 4:3 есебімен жеңді. Міне, содан бері «Ақжайық» командасының жанкүйерімін. Бұрын футбол ойнасам да, допты хоккейді өте жақсы көремін. Сүйікті командамыздың әр ойынын жібермейміз. Басқа қалаларға да барып, көріп жүрдік. Гол соғып, жақсы нәтиже көрсетсе, қуанамыз. Кейде ойдағыдай болмай жатады. Өткен жылы клубқа қаржы бөлінбей, оны Ресей чемпионатынан алып тастау туралы әңгіме айтылды. Тіпті «команда енді бола ма, болмай ма?» деген сұрақ туындады. Бұл – «Ақжайық» қана емес, мыңдаған жанкүйердің үмітіне балта шабу деп есептеймін. Биыл облыс басшылығы қолдау көрсетеді деп жатыр. Алдағы уақытта қаржы тұрақты бөлінсе дейміз. Бұл өте маңызды. Өйткені «Ақжайықты» қолдау – Қазақстандағы допты хоккейді қолдау», - дейді С.Плотников.
Ерекше екпін түсіретін жайт, допты хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы әлем чемпионатына 1995 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт ішінде Қазақстан алты рет қола жүлдегер атанды. Құрама сапында Орал допты хоккейінің түлектері аз болған жоқ. Ал 2011 жылы «Ақжайық» ойыншыларынан құралған ел командасы қысқы Азия ойындарының чемпионы болды. 2018 жылы Хабаровскіде өткен әлем біріншілігінде Қазақстан құрамасының капитаны, Ақ Жайықтан түлеп ұшқан Рауан Исалиев үздік сұрмерген атанды.
Швецияда өткен биылғы чемпионатта негізін оралдық ойыншылар құраған Қазақстан командасы Швеция, Финляндия, Норвегияны алға жіберіп, төртінші орынға табан тіреді.
Д.Қалақовтың сөзіне қарағанда, алдағы дүниежүзілік додада да Қазақстан құрамасы негізінен «Ақжайық» хоккейшілерінен жасақталатын болады.
«2024 жылғы әлем біріншілігінде де Қазақстан құрамасы үздік үштікке ілігу үшін таласады. Мұны айтып отырған себебім, командада шеберлігі өсіп келе жатқан жастар бар. Ендеше, тек Норвегия ғана емес, Финляндиямен де тайталаса алатындай мүмкіндік болады. Аса бір алып бара жатқан айырмашылық жоқ, мұны өткен чемпионатта көрдік», - дейді С.Плотников.
«Қазақстан құрамасын алдағы чемпионатқа белгілі бапкер Сергей Инфалин екеуміз дайындаймыз», - деді Н. Шавалдин.
Тараптардың пікірінен түйгеніміздей, жаңа маусымда «Ақжайық» допты хоккей клубына қолдау көрсетіледі. Бұл команданың ойынына тың серпін береді деп үміттенеміз.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайық» футбол клубының тұйықтан неліктен шыға алмай келе жатқанын жазған едік.