ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ақжайық мемлекеттік табиғи резерватында мемлекеттік инспектор кезекті туристерді қабылдау кезінде аспанда еркін қалықтаған аққұйрықты субүркітті видеоға түсіріп алды.
Қанатын кең жайып, көк жүзінде қалықтаған құстың көрінісі сол сәтте резерватқа келген қонақтарға да ерекше әсер сыйлады. Табиғатты тамашалаудың ең әдемі тұсы да осында — алдыңнан не кездесетінін ешқашан білмейсің.
-Осындай сәттер табиғатты не үшін қорғайтынымызды үнсіз-ақ еске салады. Аспанда құс еркін қалықтап, табиғат өз қалпында тіршілік ете алуы үшін. Бір сәттік кездесу. Есте ұзақ қалатын көрініс,-делінген хабарламада.
Осыған дейін Жоңғар Алатауында таутекелер фототұзаққа түсіп қалған болатын.