«Ақжайық» табиғи резерватындағы өртке адам факторының әсері болуы мүмкін
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында «Ақжайық» табиғи резерватындағы қамыс өртінің нақты себебі анықталмады. Бірақ адам факторының әсері болуы мүмкін екенін жоққа шығарылмады.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Жаңабаев осындай пікірімен бөлісті.
– Қамыс өртінің болжамды себебі – адами фактор. Осы кезге дейін өрттің өздігінен тұтанатындай ауа-райы ыстық та, найзағай да болған жоқ. Қазір жинақталған материалдар полиция департаментіне жолданады, - дейді Нұрлан Жаңабаев.
Оның айтуынша, кеше кешкісін өрт шарпыған аумақ шамаммен 1515 гектарға жеткен. Кеше кешке дейін «Қазавиаспас» мекемесінің МИ-8 тікұшағымен 12 тонна су төгілген.
Қамыс өртін сөндіруге 150-ге жуық адам, 50-ге тарта техника тартылған.
Еске сала кетелік, Атырауда «Ақжайық» табиғи резерватындағы қамыс өрті әлі толық сөнбегенін жазған едік.
«Ақжайық» резерватындағы ахуал бақылау мұнараларынан тікелей көрсетіле бастады. Сондай-ақ 50 гектарда қамыс өрті сөндіріліп жатқанын жазған едік.