Ақжайық ауданы Сайқұдық ауылында жаңа мектеп іске қосылды
Оның ашылу рәсіміне облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, Ж.Молдағалиевтің жары София Мәлікқызы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы БҚО бөлімшесінің төрайымы Ақұштап Бақтыгереева қатысты. Алдымен мектеп алдында Жұбан ақынның мүсіні ашылды.
Аталмыш мектептің бұрынғы ғимараты 1970 жылы салынған, әбден тозып, қабырғалары шалқайып кеткен, апатты жағдайда тұрған болатын.
Жаңа мектеп ғимаратын «ҚПО б.в.» компаниясының тапсырысымен «Ақсайтемірбетон» ЖШС (басшысы Болат Куишев) тұрғызды. Оның құрылысына 408 млн. теңге жұмсалған.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың атап өткеніндей, өңірде алдағы жылы осындай апатты жағдайдағы мектептер мәселесі толық шешілетін болады.
Жаңа мектепте ауыл балаларының алаңсыз білім алып, түрлі үйірмелерде айналысуына, спортпен шұғылдануына барлық жағдай жасалған. Мектеп директоры Бауыржан Өмірзақовтың айтуынша, 28 мұғалім 115 оқушыға дәріс береді. Ауылда барлығы 132 үй, 816 тұрғын бар.