Ақжайық ауданының тұрғындары да Елбасы Жолдауын жылы қабылдап отыр - БҚО

ОРАЛ. 29 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы Жолдауын Ақжайық ауданындағы барлық ұжымдар мен мекемелер үлкен ықыласпен тыңдады.

Аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесі қызметкерлері жергілікті сағат 10-да осындағы мәжіліс залында теледидар алдына жиналды. Тұңғыш Президенттің биылғы Жолдауы да әсерлі шықты. Ең маңыздысы, нақты деректер мен шындықтың ұштасуы еді. Білім саласы болсын, әлеуметтік мәселелер болсын, тіпті, жемқорлықпен танымал болған шенеуніктердің анық санына дейін айтылды. Жеткен биік пен жетпеген жерлер алақандағыдай сараланды. Әлемдегі қазақ елінің сапалық салмағы да, күш-қуаты да алдыңғы көшке иек артқаны қуантады. Жолдау тыңдалып болған соң сөз алған кітапхана директоры Роза Мұсағалиева өз әріптестерімен әсерін бөлісті.

«Кезекті Жолдау - кемел келешек кепілі, - деді Р.Мұсағалиева,- біздің халық алдағанды сүймейді, аялағанды түсінеді. Аялауға не жатады десек: бейбітшілік, бірлік, ынтымақ, елдің тоқтығы. Ал, осының бәрін Нұрсұлтан Әбішұлы үлкен табандылықпен жүзеге асырып келеді. Жай ғана мысал келтіре кетсем: соңғы бір-екі жылда өткен уақытпен салыстырғанда жаңа кітаптар мол шықты. Ертегілер, батырлар жыры, қазақ классиктерінің шығармалар жинағы. Осының өзінен-ақ рухани дүниеміздің көкжиегі анық, керегесі биік екенін аңғартады. Ал бұған қамқор болып отырған Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев. Бұл іс жалғасын табары сөзсіз. Ал Елбасының референдум арқылы өкілеттігін ұзарту рухани дүниеміздің де қажеті үшін қамданыс болар еді».

Осы кітапхананың әдіскері Сағынтай Бисенғалиевтің пікірінше, сан ұлт мекендеген Сары құрлықтағы алпауыт елдер Жапония, Корея, Қытай секілді мемлекеттермен иық тіресе қатар тұрып, ақ Азиаданың жалауын желбірету де бұрынғы кеңес елдерінің ешқайсысына бұйырмаған бақыт! Бұл - Елбасының жеңісі! Оған халық сенеді.

Дәл осындай жиындар аудан орталығындағы мекемелер мен округ орталықтарында өтіп, онда тұрғындар Елбасы Жолдауын толықтай қолдайтындықтарын білдірді.