ОРАЛ. ҚазАқпарат - «Ақжайық» футбол клубы 2,4 млн теңгеге бағаланып, сатылымға қойылды. Бұл туралы бүгін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасында мәлім етілді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Бағалау жұмыстарын облыстық қаржы басқармасы жүргізді.
«Сатылымға тек команда мен футбол орталығы ғана қойылды. Ал стадион, ғимарат, арнайы техника, көліктер мемлекет иелігінде болады. Жалпы Оралда стадиондарды қазіргі заманғы талаптарға сәйкестендіру, осы спорт түрін кеңінен дамыту, жергілікті футболшыларға жағдай жасау бағытында шаралар қолға алынады», - деді басқарма басшысы Әсия Аманбаева.
Айта кетейік, бұдан бұрын клуб 2015 жылы алғаш рет сатылымға шығарылып, қатысушы болмағандықтан, өтпей қалған еді.
Футболдан премьер-лига командалары арасындағы Қазақстан чемпионатында Оралдың «Ақжайығы» қазіргі кезде турнир кестесінде 13 ұпаймен сегізінші орында келеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).