НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Футболдан Қазақстан кубогының алтыншы турында Ақтаудың «Каспийі» өз алаңында Оралдың «Ақжайығын» қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Топтық бәсекедегі соңғы матч қос команда үшін де маңызды болатын. Оралда өткен ойында «Ақжайық» 3:1 есебімен жеңіске жеткен еді. Сондықтан ақтаулықтардың кемінде үш доп айырмашылығымен ұтуы қажет-ті.
Бірінші тайм соңында 47-минутта алаң иелерінен Думан Нәрзілдаев айып добын дәл орындап, есеп ашты – 1:0.
Екінші таймда бұрыштамадан берілген доптан кейін 62-минутта украиналық легионер Артем Барановский баспен гол салып кетті – 2:1. Дегенмен «Ақжайықтың» сұрмергені, грузиялық шабуылшы Тома Табатадзе 68-минутта есепті қысқартты – 1:2. Бұл Т.Табатадзенің биылғы Қазақстан кубогы матчтарындағы бесінші голы еді.
Бұдан кейін ақтаулықтар қанша тырысқанымен, есеп өзгерген жоқ.
Осылайша, «Ақжайық» Қазақстан кубогының ширек финалына жолдама алды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан кубогы үшін ойында «Ақжайық» пен «Қайсардың» тең түскенін жазған болатынбыз.
Суреттерді түсірген: Айбатыр НҰРАШ
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).