ОРАЛ. ҚазАқпарат - Кеше Оралда футболдан Қазақстан кубогы үшін «Ақжайық» пен «Ақтөбе» командалары арасындағы кездесудің басталар алдында Құрманғазы мен М.Мәметова көшелерінің қиылысында екі топқа бөлінген жастар (қос клуб фанаттары) бір-бірімен сөзге келіп, қақтығысып қалған болатын, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ішкі істер департаментінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға орнында 15 адам ұсталып, Абай полиция бөліміне жеткізілген.
Ұрып-соғу дерегі жөнінде облыстық аурухананың жарақат пункті мен Абай полиция бөліміне ешкім жүгінбеген. Дегенмен болған оқиғаның жай-жапсарын толық тексеру, қақтығысқа қатысқан басқа да кісілерді анықтау мақсатында аталған дерек ҚР ҚК 293-бабы 2-бөлімі 1-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.
Қазіргі кезде Орал қалалық ішкі істер басқармасына қатысты Абай полиция бөлімінің тергеу бөлімі тергеу амалдарын жүргізуде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).