«Ақжайық» жаңа шағынауданында құбыр, бағаналар қолды болған

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласындағы «Ақжайық» жаңа шағынауданында құбыр, бағаналар қолды болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирас Мүлкәйдің мәлім еткеніндей, жаңа шағынаудан 2018 жылы салына бастаған болатын.

Содан бері 130 шақырымдай инженерлік желілер тартылды. Газ, сумен қамту жұмыстары жүргізілді. Электр желілерін тарту аяқтала келді.

Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 4 млрд жуық теңге бөлінген еді.

Осындай жұмыстар жүргізіліп жатқан уақытта құрылыс-монтаж материалдарын ұрлау фактілері орын алды. Мысалы, жарық шамдары мен бағаналар, сол секілді кәріз құдықтарының қақпақтары мен жер астындағы тұрбалар қолды болған.

Бұл деректер бойынша ішкі істер органдарына өтініш жасалып, кейбірі анықталып, күдікті ұсталды.

Қазіргі кезде тергеу амалдары жүргізілуде.

«Мердігер мекеме тарапынан да бәрін дұрыстау, қалпына келтіру шаралары алынды», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Мирас Мүлкәй.