«Ақжайық» футбол клубының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Азамат Шайхы өз еркімен орнын босатуды ұйғарды.
Азамат Ерболұлы 2018 жылдан бері директор қызметін атқарып келді. Оның басшылығымен «Ақжайық» өткен жылғы маусымда премьер-лигада тоғызыншы орынға ие болды. Бұл - команда тарихындағы ең жоғары жетістіктердің бірі.
«Өз жоспарым бойынша осындай шешім қабылдадым. Басқалай себеп жоқ. «Ақжайыққа« табыс тілеймін», деді ҚазАқпарат тілшісіне Азамат Шайхы.
Сондай-ақ тағы бір қазақстандық маман Ерлан Жамантаевтың «Ақтөбе» футбол клубының директоры қызметінен кеткенін команданың бас бапкері Андрей Карпович мәлім етті.
Е.Жамантаев өткен жылдың 25 мамырынан бері басшылық етті.
Өткен турда «Астананы» 4:1 есебімен ойсырата ұтқан «Ақтөбе» 23 ұпаймен турнир кестесінде үшінші орында келеді. Украиналық маман Владимир Мазяр жаттықтыратын «Ақжайық» 12 ұпаймен 13-сатыда тұр, команда қатарынан жеті тур бойы жеңіске жеткен жоқ.
Келесі турда «Ақтөбе» Қарағандыда «Шахтермен», «Ақжайық» Алматыда «Қайратпен» ойнайды.