Аудан әкімі Әділ Жоламановтың айтуынша, ән сайысын болашақта екі жыл сайын ұйымдастырып, республикалық деңгейге жеткізу көзделуде. Сонымен қатар композитордың ән жинағын шығару да ойластырылуда.
Байқау қорытындысында Теректі ауданынан келген Гүлназ Құсайынова бас жүлдені жеңіп алды. Оралдық Азамат Амангелдіұлы бірінші, Ақжайық ауданынан Мирас Мэлсұлы мен тасқалалық Үміт Өтебалиева екінші, ақжайықтық дуэт Алтынбек Базаров пен Мәдина Нұрсейілова үшінші орынға ие болды. Гала-концертке батысқазақстандық белгілі әншілер Марат Сарбөпеев пен Еркін Өтегенов те қатысып, композитордың туындыларын орындады.
Шараға қатысқан композитордың зайыбы Бикамал Қайырғалиева ұйымдастырушыларға ризашылығын білдіріп, өмірден небәрі 47 жасында өткен жарының елуден астам әні баспа жүзін көргенін, жарияланбаған әлі де біршама дүниелері бар екендігін жеткізді.
Айта кетейік, 1946 жылы қазіргі Ақжайық ауданы Қарауылтөбе ауылында кіндік қаны тамған Сейітқали Қайырғалиев Ақтөбе мәдени-ағарту училищесін бітірген. Өз ауылындағы мәдениет үйінде еңбек жолын бастаған ол кейін Алматы облысындағы Есік қаласындағы мәдениет үйінде, облыстық филармонияда қызмет атқарды. 1979 жылдан өмірінің соңғы күндеріне дейін Қазақ теледидарында дыбыс режиссері болған С.Қайырғалиев Шымкент мәдениет институтын сырттай тәмамдады. Оның, әсіресе, «Кетсең де шалғай» (өлеңін жазған Ботагөз Баймұқанқызы), «Махаббат назы», «Жүрек сыры», «Үмітім менің» (Құдайберген Қазыбеков), «Екі жұлдыз» (Тұманбай Молдағалиев) сынды әндері кеңінен таралған.
Композитордың ұл-қыздары Алматы қаласында тұрады.