«Ақжолдық» депутат елдің халық қалаулыларына сенімін бағалаудың жолын айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәжіліс депутаты Азат Перуашев ел тұрғындарының қазіргі халық қалаулыларына сенімін бағалаудың жолын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мен Парламенттің мүшесімен. Сондықтан менің пікірім қалай болғанда да субъективті. Халықтың сенім деңгейін халық айқындайды. Соңғы парламенттік сайлауға қанша адам келді? Ол кезде сайлауға қатысу деңгейі қандай болды? Міне, осыдан айқындау қажет», - деді ол журналистердің аталған мәселеге қатысты сауалына орай.

Сонымен қатар ол өзі сынайтын мемлекеттік қызметшілермен арадағы қарым-қатынасы жайында да айтып берді.

«Парламентке келген соң біз өзімізге жүктелген міндетті орындаймыз. Жасауымыз қажетті дүниелер бар. Мемлекеттік қызметшілермен қатаң дауласып, пікірталастырып қалатын жайттар жиі болады. Ал олармен менің жеке қарым-қатынасым жақсы. Бірақ, қызмет парызыма орай, депутат ретінде ыңғайсыз және кей-кезде жауап бергің келмейтін сауалдар қоямын. Мұны жасай да береміз. Оны біздің партиямыз үшін дауыс берген адамдар алдындағы міндетім деп санаймын»,-  деді Перуашев.

Айта кетейік, кеше ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев отандық телеарналар арқылы билік тармақтары арасында өкілеттіктерді бөлу мәселелері жөніндегі үндеуін жария етті. Онда Президенттің  әлеуметтік-экономикалық процестерді реттеудегі біршама өкілеттерін Үкіметке және басқа да атқарушы органдарға беру, Үкіметті жасақтауда Парламенттің рөлін күшейту қарастырылған.