НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан Біріккен Араб әмірлігінің «Әл-Айн» командасы қазақстандық Бауыржан Исламханға келісімшарт мерзімін ұзарту жөнінде ұсыныс білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Команданың бас бапкері Педру Эмануэл ойыншылары қатарында Бауыржан Исламханды да сақтап қалуға ниет білдірді. Қазір аталған ұжым алдағы оқу-жаттығу жиыны жөніндегі дайындығын пысықтап жатыр.
Команда сайтында жарияланған хабарламада бас бапкердің Бауыржан Исламханға ұсыныс білдіру жөніндегі пікірі айтылған. Егер ол аталған клубтан кеткен жағдайда орнына өзге футболшыны тарту мәселесі қарастырылады.
Оқу-жаттығу жиыны Біріккен Араб әмірлігінен тысқары жерде өткізіледі деп жоспарланып отыр. Қазір онда ауа райы өте ыстық. Мұнда ел чемпионаты тамыз айында қайта жалғасады.
Еске сала кетсек, Бауыржан Исламхан «Әл-Айн» құрамына қаңтар айының соңында қосылды. Он ойында жасыл алаңға шықты. Наурыз айында бір гол соғып, үш мәрте нәтижелі пас берді. Оның қазіргі келісімшарты 30 маусымға дейін жарамды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.