Олардың мақсаты - Жер шарына ең жақын орналасқан «Альфа Центавра» жұлдыз жүйесіне шағын роботтарды жеткізу. Жерсеріктер галактикаға 20 жылда жету үшін сағатына 160 млн шақырым жылдамдықпен ұшуы тиіс. Алыс жұлдыздарға жету - адамзаттың ежелден келе жатқан арманы. Бірақ оны жүзеге асыру техникалық жағынан өте қиын. Бізге ең жақын жұлдыздар жүйесі 40 трлн шақырым қашықтықта орналасқан. Бүгінде қолданып жүрген ғарыш кемелермен жету үшін 30 мың жыл қажет.
«Жұлдыздарға жету - адамзаттың арманы. Біз - бұрын ғылыми фантастика болып келген осы идеяларды жүзеге асыра алатын алғашқы ұрпақпыз. Тәсіліміздің жаңашылдығы - ғарышқа адамдар мінген үлкен кемені емес, салмағы бірнеше келіден аспайтын нанороботтарды жіберу. Осындай көлемдегі құрылғыларды жасауға жол ашатын технологиялар жақында ғана пайда болды», - деді кәсіпкер Юрий Мильнер.
Бір топ мамандар осы саладағы зерттеулерге қаржы құйылса, «Альфа Центавраға» 30 жылда жететін ғарыш кемесін жасауға болады деген қорытындыға келді. Алайда бұл үшін кеменің көлемін электронды аспаптарда қолданылатын чип мөлшеріне дейін азайту қажет. Осы жобаны қаржыландыруға мail.ru порталын қалаушы Юрий Мильнер ниет білдірді. Ата-анасы Ю.Гагариннің құрметіне Юра деп атаған кәсіпкер бала кезінен ғарышкер болуды армандаған. Былтыр ол ғарыштағы тіршіліктің өзге түрлерін іздеу жобасына 100 млн доллар бөлген еді.
«Астрономдардың болжамы бойынша, «Альфа Центаврадағы» жұлдыздардың бірін тіршілігі бар ғаламшар айналып жүр. Алдағы 20 жылда Жер беті мен ғарышта орналасқан телескоптардың көмегімен ол туралы көбірек білеміз. Жаңа технологиялардың арқасында келесі ұрпақ адамзаттың жұлдыздарға жету арманын орындауы мүмкін», - дейді ғалым Стивен Хокинг.
Ол үшін бір мың шағын кемені Жер орбитасына шығару керек. Әрқайсысы күн желкенімен жабдықталған кемелерді жарық күші қозғалтады. Жер бетіндегі алып лазер берген күшті үдетудің арқасында олар қазіргі ғарыш кемелерінен бір мың есе асатын жылдамдықпен жетуі тиіс. Наноқұрылғы камералардан, байланыс пен бағдар анықтау құралдарымен жабдықталған шағын роботтан және күн желкенінен тұрады. Желкеннің салмағы бірнеше грамм болмақ.
Жоба авторлары зерттеу жұмыстары мен сапарды дайындауға бірнеше жыл уақыт кетеді деп отыр. Осы жобаның директорлар кеңесіне facebook әлеуметтік жүйесінің негізін қалаушы Марк Цукерберг те кірген.
Фото:ecos.org.ua