Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Рымғали Нұрғали атындағы дәрісхана ашылды

None
АЛМАТЫ. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда өтіп жатқан «Рымғали Нұрғали және Алаш әдебиеттануы» деп аталатын халықаралық ғылыми-теориялық конференция аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Рымғали Нұрғали атындағы дәрісхана ашылды.

Бұл шараны филология, әдебиеттану және әлем тілдері факультетінің қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасы ұйымдастырды. Көрнекті ғалым, академик Рымғали Нұрғали жоғары оқу орнында 35 жыл еңбек етіп, мыңдаған жас мамандардың алдында дәріс оқыды. Ғалымның есімі берілген дәрісханаға «Өмір белестері, ұстаз, ғалым, қайраткер, ғылымдағы биіктік, ел ардақтысы» деген қабырға көрмесі қойылып отыр.

«Біз бәріміз Р. Нұрғали шәкіртіміз. Осы уақытқа дейін факультетте Мұхтар Әуезов атындағы, Зейнолла Қабдолов атындағы дәрісханалар ашылған болатын. 50-ге жуық ғылым кандидаттары мен 20-ға тарта ғылым докторларын дайындап кеткен ұстаздың аманатын, ілім-білімді шәкірттерге берсек, білім жалғастығы деген осы болар», - дейді факультет деканы Қансейіт Әбдезұлы.