«Бүгінде ағылшын тілін терең меңгеру қажет екендігін тәжірибе көрсетіп отыр. Елбасы 2020 жылға қарай халықтың 20 пайызы ағылшын тілін еркін меңгеруі керек деген тапсырма берді. Биылдан бастап Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің әр факультетінде 2-3 пән ағылшын тілінде оқытылатын болады», - дейді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің бірінші проректоры, профессор Мұқамбетқали Бүркітбаев. Оның айтуынша, Ұлттық зерттеу университетіне айналып жатқан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде енді ағылшын тілін оқу үдерісі жоғары маңызға ие болмақ. Бәсекеге қабілетті болу үшін халықаралық тілді меңгеру заман талабы.
Бір аптаға созылған бұл семинарда «So To Speak AB» халықаралық компаниясының директоры, полиглот, ағылшын тілін оқыту әдістемесінің, аудиокурстардың және шет тілін оқытудың авторы Карл-Сверре Хофсо мен «Электронды оқытуды дамыту» ҚБҚ Қамқоршылар кеңесінің төрағасы, мультиплатформалар құрастырушысы, тіл курстарын ұялы телефондармен оқытумен қамтамасыз еткен Фуад Джаззар тақырыптық дәрістер оқыды. Оған қатысушыларға бүгін Хофсо әдісі бойынша шет тілін үйрету оқуынан өтті деген арнайы сертификаттар табыс етілді.