Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да 90 талапкерге ректорлық грант табыс етілді

АЛМАТЫ. Тамыздың 26-сы. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгін Алматыда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да халықаралық және республикалық байқаулар, олимпиада, ғылыми жоба жеңімпаздары мен «Алтын белгі» иегерлеріне ректорлық грант табысталды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚазҰУ биылғы талапкерлерді қабылдау науқаны бойынша 3200 мемлекеттік білім гранттарын қабылдап, республика бойынша көшбасшы атанды. Ал ректорлық гранттар саны 90-ға жетіп, былтырғы жылмен салыстырғанда 3,5 есеге көбейген.

«Бұл студенттердің оқуына жыл сайын университет қорынан 67 миллион теңге бөлініп отырады. Биыл мемлекет грантын жеңіп алғандар 3200 болса, оның ішінде 750-і «Алтын белгі» иегерлері. Бұл университет тарихында болмаған оқиға. 60 %-дан астамы әр түрлі олимпиадалар мен конкурстардың жеңімпаздары. Бұл студенттер интеллектуалдық деңгейлерінің жоғарылығын көрсетумен қатар, еліміздің болашақ интеллектуалды ұлтын қалыптастырады», деді ҚазҰУ ректоры Бақытжан Жұмағұлов. Оның айтуынша, ҚазҰУ студенттерді қабылдауда жаңа жобамен жұмыс істеуде. Еліміздің 14 облысында «Әл-Фараби» пәндік олимпиадасы өткізілген. Сол арқылы ҰБТ-дан жоғары балл жинап, бірақ грантқа жете алмай қалған талапкерлерге қосымша мүмкіндік ұсынған.