Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де алғаш рет «Баспа күні» мерекесі өтті

АЛМАТЫ. Қарашаның 25-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде Баспа ісі және редакциялау кафедрасының ұйымдастыруымен алғаш рет «Баспа күні» мерекесі өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталмыш шараның мақсаты - оқу орны мен өндіріс орындарының байланысын нығайту, оқу үрдісіндегі теориялық-танымды тәжірибені ұштастыруды жаңа сапаға көтеру, баспагер-ұстаз және студент-шәкірт институтын қалыптастыру.

«Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған бұл шараны апта сайын әр баспа өткізіп тұратын болады. Бұл шара жылда болатын дәстүрге айналмақ. Осындай шаралар арқылы жастардың бүгінгі таңдағы баспа ісіне деген көзқарасын заман талабына сай бағыттау, болашақ баспагер-редакторларды даярлау ісін жақсарту болып табылады», дейді  Баспа ісі және редакциялау кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, өнертанушы Сағатбек Медеубек.

       Мерекеде «Мектеп» баспасы өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды.

  «Мектеп» баспасының редакторлары  студенттерге арнап, техникалық редактор, әдеби редактор, безендіруші мамандықтары бойынша шеберлік сағаттарын өткізді. Шара барысында баспа мен факультет арасындағы өзара келісім жөніндегі меморандумға қол қойды. Сонымен қатар, баспагер-ұстаз бен студент-шәкірт арасындағы өзара сенімхатқа қол қойылды.