Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің химия және химиялық технология факультеті жаңғыру кезеңінде - профессор Мұқамбетқали Бүркітбаев

АЛМАТЫ. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор Батырбек Ахметұлы Бірімжановтың химия ғылымын дамытудағы үлесі өте зор.

Бұл бүгін Алматыда өтіп жатқан «Химия және химиялық технология» бойынша VII Халықаралық Бірімжанов съезінде айтылды.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 1-проректоры Мұқамбетқали Бүркітбаевтың айтуынша, жоғары оқу орнының химия факультетінің даму тарихын негізгі үш кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезең - факультеттің қалыптасу кезеңі. Ол 1934-1954 жылдарды қамтиды. Бұл кезде алғашқы деканымыз академик Әбікен Бектұровтан бастап, кейін сол кісінің шақыруымен факультетте еңбек еткен академиктер М.Усанович, Д.Сокольский, М.Козловский, О.Сонгина сияқты ғұлама ғалымдар факультеттің іргетасын қалап, негізін қалыптастырды. Екінші кезең - факультеттің даму кезеңі. Бұл Б.Бірімжанов жетекшілік жасаған 1954 жылдан 1980 жылға дейінгі 25 жылдан аса уақытты қамтиды. Оны факультеттің шарықтау немесе өркендеу кезеңі деп айтсақ та болады.

«Осы жылдары факультетте жаңа 6 кафедра ашылды, елімізде аты аталған академиктер негізін қалаған ғылыми мектептер мен бағыттар қалыптасты. Қазір факультетте қайта түрлену немесе жаңғыру кезеңі жүріп жатыр. Ол 1980 жылы басталған болатын. Бұл кезеңде факультеттің ғылыми-зерттеу институттары құрылды. Білім берудің көпсатылы жүйесі жасалды, бірнеше жаңа мамандықтар ашылды, факультет жаңа ғимаратқа көшіп нарықтық экономика талаптарына сай факультет жұмысы қайта жаңғыруда», - дейді профессор М. Бүркітбаев.