Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің спорт клубы 60 жылдығын атап өтті

АЛМАТЫ. 1 қараша. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Осы демалыс күндері Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің спорт клубы өзінің 60 жылдығын атап өтті. Аталмыш мерейтойға орай ректор кубогына арналған факультетаралық спартакиадаларда студенттер спорттың әр түрінен жарысты.

18 қазанда басталған спартакиаданың марапаттау рәсімі демалыс күндері болып өтті. Онда оқу орнының спортшылары гимнастика, каратэ-до, таэквондо, кикбоксинг, тайбокс спорттық түрлері бойынша өнерлерін көрсетті, марапаттау рәсімі студенттердің арнайы дайындаған концерттік бағдарламаларымен аяқталды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл жыл сайын өткізілетін дәстүрлі шара. Дене шынықтыру кафедрасының ұйымдастыруымен 1948 жылдан бері өткізіліп келеді. Қазақстан ЖОО-лары арасында ҚазҰУ бірінші болып 1950 жылы спорттық клуб құрған. Бүгінде мұнда спорттың 14 түрі бойынша секциялар жұмыс істейді.

Биыл аталмыш оқу орнының 150 студенті мен мұғалімі мерейтойға орай Іле Алатауының Комсомол шыңына шыққан. 1951 жылы бұл шыңдардың біріне ҚазҰУ-дің аты берілген болатын.

Университет қабырғасында елімізді Азия, Еуропа, Әлем чемпионаттарында және Олимпиада ойындарында танымал еткен атақты спортшылар дайындалды.

Атап айтқанда, баскетболдан екі дүркін Олимпиада чемпионы Надежда Ольхова, Эверест шыңын бағындырған спорт шеберлері Юрий Голодов пен Владимир Певцов, суға жүзуден Еуропа чемпионы Владимир Шестополов, велоспорт бойынша Еуропа чемпионы Виталий Толкачев, дзюдо күресі бойынша бірнеше дүркін Әлем чемпионы Абзал Ерғожаев, бокстен Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов, бокстан екі дүркін Әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Болат Жұмаділов, шахматтан халықаралық гроссмейстерлер Евгений Владимиров пен Болат Асанов және тағы да басқа спортшылар.

Бүгінде университет дәстүрі жалғасын тауып келеді. 2008 жылы Пекин қаласында өткен Олимпиада ойындарына оқу орнынан 8 спортшы қатысқан болатын. Дзюдо спорты бойынша сол жарыстан Асхат Житкеев күміс жүлдемен оралды. 2009 жылы Белград қаласында биология факультетінің студенті Екатерина Евсеева жеңіл атлетикадан күміс жүлденің иегері атанса, заң фаультетінің магистранты Исанова Гүлжан дзюдодан қола жүлденің иегері атанған болатын.