Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқу гранттарының саны бойынша биыл да алдыңғы қатарда тұр

АЛМАТЫ. 18 тамыз. ҚазАқпарат - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде биыл бакалавриат, магистратура, PhD докторантура бағдарламалары бойынша 3,7 мыңнан астам студенттер білім алмақ.

Ол оқу гранттарының саны бойынша еліміздің жоғары оқу орындары арасында алдыңғы қатарда тұр. Университеттің баспасөз қызметінің хабарлауынша,  оқуға түсушілер техникалық және экономикалық мамандықтар, сонымен қатар гуманитарлық және ғылыми жаратылыстану бағыттары саласында таңдау жасады. Осы себепті, радиотехника, электроника және телекоммуникация, ақпараттық жүйелер, автоматтандыру және басқару, стандартизация, сертификация және метрология, биотехнология, аударма ісі, халықаралық қатынастар, құқықтану, қаржы, есеп және аудит, экономика және халықаралық құқық мамандықтарына байқау  жоғары болды. Магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша оқимын деушілердің саны да биыл аса жоғары екендігін атап өту жөн. Кейбір жеке мамандықтарға 1 орынға 20-30  үміткер өз бағын сынаған.

Жалпы аталмыш оқу орнын  2011-2012 оқу жылында жеке мамандықтар бойынша QS Халықаралық рейтинг агенттігі (Ұлыбритания) әлемнің 200 алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындары тізіміне енгізген болатын.  Ол сондай-ақ, Орталық Азия аумағында  QS-Star  Халықаралық агенттігінің  «Үстемділік белгісі - үш жұлдызына» ие болған және БҰҰ «Академиялық ықпал» бағдарламасы құрамына кірген Қазақстанның бірден-бір білім ордасы саналады.