Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Smart City» бойынша қосдипломды мамандар даярлайды
Жетекші қазақстандық университет «Smart City» жоғары оқу орындарының халықаралық консорциумының мүшесі бола отырып, Еуропалық одақтың жоғары оқу орындарымен бірлесе «ERASMUS+» жобасы бойынша «Ақылды қалаға арналған ақпараттық технологиялар» мамандығы бойынша магистрлік бағдарламаны әзірлеуге кірісті.
Бағдарламаға біріктірілген оқу-әдістемелік кешен, дайындық сапасын басқару жүйесі, оқытушылардың біліктілігін арттыру, «Smart University» моделінің еуропалық серіктес жоғары оқу орындарының тұсаукесерін өткізу, сондай-ақ академиялық ұтқырлық бойынша Еуропаның үздік университеттерінде оқыту кіреді. Жоба аясында ҚазҰУ-да ақылды қалалар технологияларының ғылыми-білім беру орталығы ашылады.
Айта кетейік, бүгінде ҚазҰУ-да ұлы философ әл-Фарабидің рухани-адамгершілік және технологиялық платформалардың қайырымды қоғам және симбиоз туралы іліміне негізделген «Al-Farabi University Smart City» ғылыми-инновациялық жобасы табысты жүзеге асырылуда. Жоба «Университет 4.0» жаңа буын университетінің моделін қалыптастырудың құрамдас бөлігі болып табылады. Мұндай университеттер прогрессивті технологиялық дамудың, сондай-ақ адамзаттың әлеуметтік және мәдени өзгерістерінің драйверлері. Бұл моделге халықаралық деңгейде кең академиялық қоғам қолдау көрсетіп, БҰҰ-да ұсынылды.
Атап өткен жөн, ҚазҰУ 30-дан астам қолданыстағы «Erasmus+ халықаралық бағдарламасына қатысады, бірнеше рет «Erasmus Mundus» жобаларының ұлттық үйлестірушісі болды және жүзеге асырылып жатқан жобалар саны бойынша қазақстандық университеттер арасында көшбасшылыққа ие.