Әл-Фараби, Құрманғазы мен Сүйінбай бейнеленген коллекциялық монеталар айналымға шықты

Бүгін Қазақстан ұлттық банкі «Банкнотадағы портреттер» сериясынан Әл-Фараби, Құрманғазы және Сүйінбай коллекциялық монеталарын айналымға шығарды, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: Ұлттық банк

Монеталар 8 желтоқсанда kazcoins.nationalbank.kz интернет-дүкенінде сатыла бастайды.

Жаңа монеталар 1993 жылғы үлгідегі Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы банкноталарының бірінші сериясының портреттік бейнелеріне арналған.

Онда көрнекті тарихи тұлғалар — ғалым Әл-Фараби, айтыскер ақын Сүйінбай Аронұлы, күйші Құрманғазы, ғалым әрі этнограф Шоқан Уәлиханов, ақын әрі философ Абай, сондай-ақ қазақ хандары Әбілқайыр мен Абылай бейнеленген.

2011-2013 жылдары Әл-Фараби, Құрманғазы және Сүйінбай коллекциялық алтын монеталары айналымға шықты.

Коллекционерлер мен халық тарапынан болған сұранысты ескере отырып, серия күміс және нейзильбер қоспасынан жасалған монеталармен толықтырылып отыр.

Фото: Ұлттық банк

Күміс монеталар әрқайсысы 925/1000 сынамды күмістен, салмағы 31,1 грамм, диаметрі 38,61 мм, proof дайындау сапасымен, номиналы 500 теңгелік, таралымы 2 000 (екі мың) данада жасалды. 

Ал нейзильбер монеталар әрқайсысы МНЦ 15-20 нейзильбер қоспасынан, массасы 11,17 грамм, диаметрі 31 мм, uncirculated дайындау сапасымен, номиналы 200 теңгелік, таралымы 50 000 (елу мың) данада жасалды. 

Коллекциялық монеталар Қазақстан бүкіл аумағында белгіленген құнымен төлемнің барлық түрлері бойынша қабылдануға, сондай-ақ елдің барлық банкінде банк шотына есепке алынуға және аударуға, ұсақталуға және айырбасталуға міндетті.

Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалды.