China Southern Airlines пен Air Astana бірлескен бизнес құру туралы келісімге қол қойды — «Халық газеті»
China Southern Airlines пен Air Astana әуе компаниялары 30 қазанда Астанада бірлескен бизнес құру жөніндегі ынтымақтастық келісіміне қол қойды. Құжатқа сәйкес, тараптар қолданыстағы код-шеринг серіктестігін кеңейтіп, ұшу кестелерін оңтайландыруды және әуе бағыттары бойынша ынтымақтастықты күшейтуді көздеп отыр, деп хабарлайды Халық газеті басылымы.
Атап айтқанда, бірлескен рейстер аясын екі ел арасындағы ішкі бағыттардан үшінші мемлекеттерге қатынайтын рейстерге дейін кеңейту жоспарланған. Бұл Қытайдан Өзбекстан мен Қырғызстанға, сондай-ақ Қазақстаннан Вьетнам мен Таиландқа қатынайтын жолаушыларға қосымша мүмкіндік береді.
Сонымен қатар әуе компаниялары транзиттік сапарларды жеңілдету үшін бірыңғай билет рәсімдеу және багажды соңғы межелі жерге дейін тікелей жеткізу қызметтерін енгізуді жоспарлап отыр. Қазақстан Республикасы көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың айтуынша, бүгінде Қазақстан мен Қытай арасында 21 әуе бағыты бойынша рейстер орындалады. Биыл екі ел арасындағы жолаушылар ағыны 1 миллион адамнан асқан. Оның атап өтуінше, жаңа келісім әуе қатынасын одан әрі дамытуға және жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді.
Сонымен қатар осы аптада Халық газетінде «Алматыда Қытай және Қазақстан суретшілерінің халықаралық көрмесі ашылды» деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.
Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, Алматы қаласындағы Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде «Жібек жолының шексіз бұлттары. «Бір белдеу, бір жол»: Алматы бекеті» атты халықаралық көрме ашылды. Музей мен Шанхай өнер коллекциясы музейінің (SACM) бірлесіп ұйымдастыруымен өткен көрмеге Қытай және Қазақстан суретшілерінің туындылары қойылған. Халықаралық жоба бұған дейін 2024 жылы Тегеранда, 2025 жылы Ташкентте таныстырылса, Алматы оны қабылдаған үшінші қала атанды.
Көрмеде Қытайдың дәстүрлі кескіндеме өнері, көне қабырға суреттерінің нақыштары мен заманауи туындылары, сондай-ақ Әбілхан Қастеев атындағы музей қорындағы қазақстандық суретшілердің еңбектері ұсынылған. Жоба екі ел арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға, музейаралық ынтымақтастықты дамытуға және өнер мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталған. Халықаралық көрме 18 қарашаға дейін жалғасады.
Қазақстан мен Үндістан іздеуде жүрген адамдарды ұстап беру жөнінде келісті — ӨзА
Қазақстан мен Үндістан іздеуде жүрген адамдарды ұстап беру туралы шартқа қол қойды.
Құжатқа Қазақстанның Бас Прокуроры Берік Асылов пен Үндістанның Қазақстандағы елшісі Силас Тангал қол қойған.
Бұл туралы өзбекстандық «ӨзА» ақпарат агенттігі «KAZINFORM» халықаралық ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.
Келтірілген деректерге сүйенсек, аталған Шарт, Тараптардың құқық қорғау органдары қылмыстық жауаптылыққа тарту немесе сот үкімін орындау мақсатында іздестіріп жүрген адамдарды ұстап беру үшін құқықтық негізді реттейді және ол жасалған қылмыс үшін жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз етеді.
— Осы халықаралық құжат Қазақстан мен Үндістан арасындағы қылмыстық іс жүргізу саласындағы шарттық-құқықтық базаның қалыптасуын аяқтайды, өйткені екі ел арасында қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек және сотталған адамдарды беру туралы келісімдер бұрын қолданысқа енгізілген, — делінген хабарламада.
«Қадағалау органы басшысының айтуынша, шарт тараптар арасындағы сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық бағыттардың жүйелі дамуын ескере отырып жсалған ерекше маңызға ие құжат», деп жазған өзбекстандық БАҚ.
Сондай-ақ осы аптада «ӨзА»-да «Қазақстан мен Өзбекстан қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты нығайтады» деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.
Шымкентте Қазақстан мен Өзбекстан қауіпсіздік кеңестері аппараттарының сегізінші консультациялық кездесуі өтті. Өзбекстандық басылым бұл ақпаратты да «KAZINFORM»-ға сілтеме жасап хабарлаған. Жиынға Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева мен Өзбекстан Республикасы Президенті жанындағы Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Виктор Махмудов төрағалық етті. Келіссөз барысында тараптар халықаралық терроризм мен діни экстремизмге, жастардың радикалдануына, ұйымдасқан қылмысқа, есірткінің заңсыз айналымына, заңсыз көші-қон мен киберқылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелерін талқылады. Сондай-ақ цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіге байланысты жаңа қатерлер, су және экологиялық қауіпсіздік, трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану мәселелері қаралды. Кездесу қорытындысы бойынша Аида Балаева мен Виктор Махмудов тиісті хаттамаға қол қойып, оның орындалуын қамтамасыз ету үшін бірлескен сарапшылар тобын құруға уағдаласты. Бұдан бөлек, делегация басшылары екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықтың белгісі ретінде А.Асқаров атындағы дендросаябаққа ағаш отырғызды.
Иран мен Беларусь су және энергетика салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтеді — ParsToday
Иран мен Беларусь су ресурстарын басқару, электр энергиясы және энергетика салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға ниетті. Бұл туралы Иранның энергетика министрі Аббас Әлиабади Беларуське жасаған сапары барысында мәлімдеді, деп жазды ParsToday ақпарат агенттігі.
Иранның энергетика министрінің айтуынша, Беларусь тарапымен өткен келіссөздерде су және электр энергетикасы бағыттарындағы өзара іс-қимылдың жаңа мүмкіндіктері қарастырылған. Сондай-ақ екі ел арасында энергия өндіру мен тұтыну саласындағы тәжірибе алмасу мәселесі талқыланған.
Аббас Әлиабади екі мемлекеттің энергетика саласында жинақтаған тәжірибесі өзара тиімді ынтымақтастыққа жол ашатынын атап өтті. Оның сөзінше, Иран Беларусьтің энергия өндіру және тұтыну бағытындағы тәжірибесін пайдалануға, ал өз кезегінде осы саладағы өз жетістіктерімен бөлісуге дайын. Министр сондай-ақ су және электр энергетикасы салаларындағы әлеуетті бірлесіп дамыту үшін тараптар арасында үйлестіру жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Келіссөздердің нақты нәтижелері алдағы уақытта белгілі болады деп күтілуде.
Қазақстан мен Татарстанды байланыстыратын жаңа әуе бағыты іске қосылды — TRT
Қазақстан мен Татарстан астаналары арасында «Қазан — Астана — Қазан» бағытындағы тұрақты әуе рейсі іске қосылды. Жаңа бағыттың ашылу салтанаты Астана халықаралық әуежайында өтті.
Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады.
«TRT»-ның дерегіне келтірген сүйенсек, Қазақстанның Қазандағы Бас консулы Ерлан Ысқақовтың айтуынша, әуе қатынасының жолға қойылуы туризм, бизнес, мәдениет және спорт салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Қазан қаласы арқылы Ресейдің өзге өңірлеріне транзитпен қатынау жеңілдейді.
Рейстерді Ресейдің әуе компаниясы Boeing 737 ұшақтарымен аптасына екі рет — сейсенбі және жұма күндері орындайды. Ұшақтың Астанаға жергілікті уақыт бойынша сағат 05:15–те қонып, кері бағытта 06:30–да ұшуы жоспарланған. Екі қала арасындағы барып-қайту билетінің болжамды құны 244 доллар (шамамен 110 мың теңге) болады. Жаңа бағыт екі ел арасындағы көлік қатынасын жандандырып, туристік және сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға бағытталған.
Сондай-ақ «TRT»-де «Ердоған Қазақстанның әуе кеңістігінен өтіп бара жатып Тоқаев пен халыққа жолдау жолдады» деген ақпаратта жарияланғанын айта кету керек.
Түркия Радио Телевизия порталының дерегі бойынша, Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған Оңтүстік Кореяға ресми сапары кезінде Қазақстанның әуе кеңістігінен өтіп бара жатып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Қазақстан халқына жылы лебізін білдірді. Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияровтың мәліметінше, Ердоған Қазақстанды «тарихи ата жұртымыз, дос әрі бауырлас ел» деп атап, екіжақты қарым-қатынастың маңызын атап өтті. Сондай-ақ биыл мамырда Қазақстанға жасаған сапары мен Тоқаевтың Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитіне қатысу үшін Анкараға барған сапарын жылы естеліктермен еске алып, Президентке зор денсаулық, ал Қазақстан халқына даму, өркендеу және амандық тіледі.
Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желідегі парақшасында Анкараға сапары кезінде Қазақстан делегациясына көрсеткен қонақжайлылығы үшін түрік әріптесіне алғыс айтты. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Түркия арасындағы достық пен стратегиялық әріптестік байланыстары алдағы уақытта да нығайып, дами беретініне сенім білдірді.
Әл-Фараби мұрасы халықаралық симпозиумда талқылануда — Eurasia Today
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 6 қараша, жұма күні ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің философиялық және ғылыми мұрасына арналған «Философия. Ізгілік. Болашақ» атты халықаралық симпозиум басталды. Бұл туралы осы аптада Қырғызстанда шығатын Eurasia Today ақпарат агенттігі facebook-тегі парақшасында хабарлады.
Аталған БАҚ-тың келтірген деректеріне сүйенсек, Іс-шара аясында ҚазҰУ мен Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет ұйымы (ИСЕСКО) бірлесіп ұйымдастырған «Әл-Фараби және оның адамзат тарихына қосқан үлесі» атты ІІ халықаралық конференция өтуде. Жиынға Иран, Малайзия, Қытай, Түркия, Өзбекстан, Тәжікстан, Тунис және Ресейден белгілі фарабитанушылар, ғалымдар, жоғары оқу орындарының ректорлары, ғылыми орталықтардың жетекшілері мен жас зерттеушілер қатысуда.
Симпозиум барысында Тегеран университетінің профессоры, ғылым докторы Реза Парсаниа Хамид Мохамед «Шынайы бақытты іздеу: Әл-Фараби этикасы және қазіргі утилитаризм» тақырыбында баяндама жасады. Ол әл-Фарабидің моральдық-этикалық ілімін қазіргі батыстық утилитаризм тұжырымдамасымен салыстыра талдап, ойшыл дүниетанымында бақыттың рухани кемелдену, парасаттылық және қоғамға ізгілік ұялатумен тығыз байланысты екенін атап өтті. Сондай-ақ профессор жаһандық дағдарыстар жағдайында әл-Фарабидің «ізгі қоғам» және «қайырымды қала» идеяларына қайта назар аударудың маңыздылығына тоқталды.