Al Hadath: Газада ХАМАС ұйымының көшбасшыларының бірінің денесі табылды
АСТАНА. KAZINFORM – Газа секторының оңтүстігінде ХАМАС палестиналық радикалды қозғалысы көшбасшыларының бірі Мохаммед Синвардың денесі табылды. Бұл туралы Al Hadath телеарнасы хабарлады, деп жазады ресейлік ТАСС.
Дереккөздің мәліметтерінше, ХАМАС саяси бюросының бұрынғы басшысы Яхья Синвардың бауыры мен тағы 10 содырдың денесі Хан-Юнис қаласының маңындағы туннельден табылды.
ХАМАС қозғалысы әзірге бұл ақпаратқа қатысты пікір білдірген жоқ.
13 мамыр күні Израильдің қорғаныс армиясы Хан-Юнистегі еуропалық аурухананың астындағы штабқа соққы бергенін мәлімдеген болатын. Көзделген нысан ХАМАС-тың әскери қанатын басқаратын Мухаммед Синвар болатын, деп хабарлады Израильдің Kan мемлекеттік телерадиокомпаниясы.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, Израиль Газаға ауқымды шабуылды бастады.