Мұхамед әл-Завахиридің айтуынша, ол қазір ағасымен тығыз байланыста және тек ол ғана «Әл-Каеда» көшбасшысын Батыспен бітімге келуге шақыра алады. Дегенмен ол өзінің ұсыныстары кейбір радикалды исламистерге ұнамай қалуы мүмкін екендігін де жасырмайды.
Өзінің 6 беттік бейбітшілік келісімінде Мұхамед әл-Завахири белгілі бір талаптар орындалса, кемінде 10 жылдық бейбітшілік орнауы ықтимал екенін айтады. Талаптар тізімінде АҚШ пен батыс елдерінің ислам елдерінің аумағына басып кіруін тоқтату, АҚШ-та тұтқында жатқан барлық мұсылмандарды босату және мұсылман елдердің білім беру саясатына АҚШ-тың араласпауы сияқты бірқатар шарттар қойылған. Ал мұсылмандардан Мұхамед әл-Завахири АҚШ пен Батысты арандатпау, олардың мұсылман әлеміндегі лигитимдік қызығушылықтарына қол сұқпау сияқты жеңілдіктерге баруды сұрайды.
Мұхамед әл-Завахири 1999 жылы лаңкестікке және Мысырдың бұрынғы президенті Анвар Садатты өлтіруге қатысы бар деген айыппен түрмеге түскен болатын. Ал 2011 жылдың наурызында түрмеден шығып, ілі-шала қайта қамалған. 2012 жылдың көктемінде лаңкестікке қатысы жоқтығы дәлелденіп, біржола бостандыққа шыққан.
Айман әл-Завахири 2000 жылдардан бастап «Әл-Каедада» Осама бен Ладеннен кейінгі екінші адам болып саналады. 2011 жылдың маусымында бен Ладен өлтірілген соң, ол «Әл-Каеда» тізгінін өз қолына алды.