«Әл-Кайеда» Германияға тыныштық бермейтінін мәлім етті

АСТАНА.  Қыркүйектің 21-і. ҚазАқпарат   - Германия    Ауғанстандағы өз контингентін   алып кетпесе,    лаңкестер  бұл  елге  тыныштық бермейтінін    мәлім етіп,  қоқан-лоққы  жасады.

  Интернетте  осындай мазмұндағы  бейнехабар      пайда  болды,  деп   хабарлайды Deutsche Welle басылымы.

 Үндеудің  авторы  Беккай Маррах -   шыққан тегі мароккандық, іздеуде  жүрген  ГФР  азаматы.    Оның «Әл-Кайедамен» байланысы    болуы  мүмкін деген  долбар бар,  бірақ      мұның  әлі  нақты   дәлелі  жоқ.    Беккай Маррах  ақпан  айында  да осындай      хабарлама  жасап,   Ауғанстанға  әскер   жібергені  үшін  Германияны  қатаң   жауап күтіп тұрғанын мәлім  еткен   болатын.

 Маррахтың  бұл жолғы     хабары   келесі  жексенбі күні өтетін   парламенттік  сайлауға орайластырылып  отыр.    Оның   соңғы хабарламасында,  сайлауда  Ауғанстандағы  әскери  әрекетті  қолдаушы  партия жеңіске жеткен жағдайда,  немістерді «қатаң  жаза» күтіп тұрғандығы айтылған.

 «Егер немістер     бейбітшілік үшін дауыс берсе, моджахедтер      Германиямен   бейбітшілікте  өмір сүруді   таңдайды.   Немістің соңғы жауынгері Ауғанстаннан кеткен  кезде,  соңғы моджахед  Германия аумағын тастап шығады.  «Әл-Кайеда» оған  сөз береді»,  деп   мәлім етілген    Интернеттегі  хабарламада.

 Ауғанстандағы неміс контингенті 4 мың 200 жауынгерді    құрайды.   Герман  жауынгерлерінің   Ауғанстанда  қалу-қалмау  мәселесі      қарсыласу  партиялардың  сайлауалды  жарыссөздерінде  сөз болған  жоқ.